«Әлем Барысына» қатысатын балуандар белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 8 қыркүйек күні Астанадағы «Барыс Аренада» өтетін қазақ күресінен «Әлем Барысы» түйе балуандар арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын балуандардың есімдері белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткелі отырған додаға балуандар 22 тамыздан бастап,  Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізген болатын. Жиын нәтижесі бойынша бас жаттықтырушы Ерлан Естек бастаған баспкерлік кеңес «Әлем Барысында» ел намысын қорғайтын төрт балуанды таңдап алды.

Олар: төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақстан Барысы жеңімпазы Айбек Нұғымаров, әлем чемпионы және Қазақстан Барысы турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов, жас та болса, болашағынан зор үміт күттіретін Айбат Сейтен және Дәурен Нұралинов.

Сонымен қатар, биылғы «Қазақстан Барысы-2017» турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиев пен танымал түйе балуан Ержан Шынкеев жоғарыда аты аталған балуандар жаттығу барысында жарақат алып қалып жатса, орынына боз кілемге шықпақ.  

Айта кетейік, осымен екінші мәрте өткелі отырған додаға әлемнің 40 елінен ең мықты деген бір-бір балуан қатысады. Қазақстан жарысты ұйымдастырушы ел ретінде төрт балуан қатыстыруға мүмкіндік алып отыр.

Біріншіліктің жалпы жүлде қоры 30 миллион теңге. Оның ішінде 15 миллионы жеңімпазға тиесілі. Дәстүр бойынша, алтын, күміс және қола белбеулер де қарастырылған. Жанкүйерлер де жүлдесіз қалмайды. Көрермендер арасында Renault Logan автокөлігі ойнатылады.

Естеріңізге сала кетейік, бірінші рет «Әлем Барысы» 2014 жылы өтті. Оған 35 елдің апайтөс балуандары қатысты.

Жарыс бағдарламасы:

10:00 Іріктеу белдесулері

13:00 Ашылу салтанаты

18:00 Ақтық белдесулер

18:30 Жеңімпаз және жүлдегерлерді марапаттау рәсімі.

Соңғы жаңалықтар