«Әлем Барысында» 50 елдің балуандары бақ сынайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ күресінен екінші «Әлем Барысы» Астанада өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осымен екінші мәрте жалауы желбірейтін «Әлем Барысы» турнирі 8 қыркүйекте елорда төріндегі «Барыс Арена» стадионында ұйымдастырылады.
Естеріңізге сала кетейік, «Әлем Барысы» турнирі тұңғыш рет 2014 жылы Павлодар қаласында өткен болатын. Оған әлемнің 35 елінен ең мықты балуандар келіп қатысқаны есімізде. Олардың арасында дзюдодан әлем және Олимпиада чемпионы чеx Лукаш Крпалек, самбодан әлем чемпионы армениялық Гарибян Арутюн, дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері неміс Раймунд Гирдц, кураштан әлем чемпионы изральдық Грегори Рудельсон, алыштан Азия чемпионы парсы Мухаммад Теймоури Сарах, Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері кубалық Оскар Рене Видал Брайсон және тағы басқа атақты балуандар боз кілемге шыққан еді.
Тартысты бәсеке нәтижесінде алтын белбеу мен 100 мың АҚШ долларды кубалық Брайсон иеленді. Екінші орында Айбек Нұғымаров, үшінші сатыда ресейлік Максим Ширяев. Үш жыл бұрын xалықаралық турнир ретінде тұсауы кесілген «Әлем Барысы» бүгінде қазақ күресінен абсолютті әлем чемпионаты деңгейіне өсті.
Ал биыл ЭКСПО-2017 аясында өткелі отырған екінші «Әлем Барысы» турниріне 50 мемлекеттің ең мықты деген бір-бір балуаны бақ сынайды. Әзірге Қазақстан намысын кімдердің қорғайтыны белгісіз.