«Әлем Барысында» қазақтың намысын қолдан бермейміз - Айбек Нұғымаров

«Спортшы, «Әлем Барысына» қатысушы ретінде қазақтың намысын қорғайтын боламын. Әзірше алты палуан деп отыр. Оның ішінде биылғы жылы Қазақстан Барысы болған Еламан бауырымыз, қарағандылық Ержан Шынкеев ағамыз, Мұхит Тұрсынов, Дәурен Нұралинов, Сейтен Айбатов және мен бармын. Намысты қолдан бермек емеспіз. 2014 жылы өздеріңіз білетіндей, «Әлем Барысы» Павлодар қаласында өткен еді. Ақтық белдесуде кубалыққа есе жіберген едік. Енді есемізді жібермейміз, 8 қыркүйек күні болатын белдесуде қазақтың намысын қолдан бермейміз», - деді Айбек Нұғымаров.
Естеріңізге сала кетсек, 2014 жылы Павлодарда өткен «Әлем Барысынан» бірінші чемпионатқа 35 елдің апайтөс балуандары қатысқан болатын. Тартысты бәсеке нәтижесінде алтын белбеу мен 100 мың АҚШ долларды кубалық Брайсон иеленді. Екінші орын Айбек Нұғымаровқа, үшінші орын ресейлік Максим Ширяевқа бұйырған еді.
Айта кетейік, 6 қыркүйек күні сағат 18:00-де «Mega Silk Way» ойын-сауық орталығында "Alem Barysy" қатысушыларының салтанатты салмақ өлшеу және жеребе тарту рәсімі өтеді. Абсолютті әлем чемпионатын тікелей эфирде «Qazaqstan», «Qazsport», түріктің «TRT Avaz», Ресейдің «Матч! Планета» және «Бокс ТВ» телеарналары көрсетеді.