Әлем біріншілігіне кейбір балуандар дайындықсыз келген - Бейбіт Ыстыбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтіп жатқан қазақ күресінен әлем біріншілігіне кейбір елдердің балуандары дайындықсыз келген. Бұл туралы үш дүркін Қазақстан барысы Бейбіт Ыстыбаев ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Әлем біріншілігіне кейбір балуандар дайындықсыз келген - Бейбіт Ыстыбаев

«Төл спортымыз күрестен әлем чемпионаты қызықты, тартысты өтіп жатыр. Алайда дайындықсыз келген балуандар да жоқ емес. Негізінен, Түркия, Өзбекстан балуандарының дайындығы жоғары» - деді Ыстыбаев.

Сондай-ақ, ол осындай әлем балуандарының басын қосу қазақ күресінің танымалдылығын арттыруға үлкен көмегін тигізетіндігін атап айтты.

«Әр істің өзінің мақсаты болады. Бұл доданың да басты мақсаты - қазақ күресінің танымалдылығын арттыру. Өзге елдерге қазақтың төл спортын дәріптеу. Біз бұдан ұтпасақ ұтылмаймыз. Себебі бұл жолы нашар белдескен балуандар келесі жолы мықты дайындықпен келуге тырысады, тәжірибе жинайды. Барған елдеріне қазақ күресі жайында айтады. Осылай күресіміз дамиды», - дейді спортшы.