Әлем бойынша мықты 100 гроссмейстердің қатарына енгім келеді – Эдгар Мамедов

АҚТАУ. KAZINFORM – Қазақстан тарихында 14 жаста ең жас халықаралық гроссмейстер атағын иеленген ақтаулық шахматшы Эдгар Мамедов болашақта әлем чемпионы болуды армандайды. 

Әлем бойынша мықты 100 гроссмейстердің қатарына енгім келеді  –   Эдгар Мамедов
Фото: Эдгар Мамедовтің жеке архивінен

Эдгар Мамедов Ақтау қаласында туып-өскен. Шахматқа 5 жасынан бастап қатысқан. Алғашқы жаттықтырушысы — «Дебют» шахмат мектебінің директоры Анвар Шайхымов.

Эдгар қазір Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінде 9-сыныпта оқиды. 

— 14 жасымда 3 бірдей талапты орындап, Қазақстан тарихындағы ең жас гроссмейстер атануыма шахматқа деген сүйіспеншілігім, еңбекқорлығым көмектесті. Ал, бұл қасиеттерді менің бойыма бірінші жаттықтырушым Анвар Шайхымов сіңірді, — дейді Эдгар. 

Эдгар Мамедов маусым айында Лондонда өтетін әлем чемпионатына барып, Қазақстанның ерлер құрамасымен бірге өнер көрсетуді жоспарлап отыр. 

— Мақсатым Қазақстандағы ең мықты гроссмейстер атану. Сол үшін тынбай еңбектеніп, үздіксіз жаттығып келемін. Қазақстан шахмат федерациясы, Маңғыстау облыстық спорт басқармасы қолдау білдіріп жатыр. Әлем бойынша мықты 100 гроссмейстердің қатарына енгім келеді, — дейді Эдгар Мамедов. 

Бұған дейін, Ақтаулық шахматшы Қазақстан тарихындағы ең жас халықаралық гроссмейстер атанғаны туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар