Әлем бойынша апиынның 93 пайызы Ауғанстанда дайындалады - БҰҰ
АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне сәйкес, әлемде апиын өндіру жөнінен Ауғанстан бірінші орында. Осы өнімнің 15 пайызы Қазақстан аумағы арқылы тасымалданады.
Бұл туралы бүгін елордада апталық брифингіде Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Бағдат Қожахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Әлемдегі апиынның 93 пайызы ауған жерінде дайындалып таратылады. Апиынның 5-тен 15 пайызға дейінгі көлемі Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан «солтүстік бағдар» бойынша Қазақстан арқылы өткізілетін көрінеді. БҰҰ-ның мәліметінде 2008 жылы Ауғанстан аумағындағы көкнәрдан шамамен 1 мың тонна героин есірткісі өндірілгендігі айтылады. Бұған байланысты ІІМ есірткі қылмыстарына қарсы кешенді шаралар қабылдамақ. Ауған апиынының тасымалына тосқауыл қою ерекше назарға алынып отыр.«Қазіргі уақытта Үкімет мемлекеттік шекараның оңтүстік аймақтарына бақылауды нығайту және елімізге есірткі тасымалдаудың арналарын жабу мақсатында бақылау-өткізу орындарына арнайы құрал-жабдықтар орнату ұсыныстарын қарастыруда», дейді Б.Қожахметов.