Әлем чемпионаты: Нұрбек Оралбай украиналық боксшы Матвей Ражбаны жеңді
АСТАНА. KAZINFORM – Ливерпульдегі әлем чемпионатындағы тағы бір қазақстандық боксшы 1/8 финалға жолдама алды.
80 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрбек Оралбай аталған доданың 1/16 финалында украиналық боксшы Матвей Ражбамен қолғап түйістірді. Отандасымыздың айқын басымдылығымен өткен жекпе-жек 5:0 есебімен аяқталды.
Мұның алдында Махмұд Сабырхан қарсыласы мексикалық Бриан Оуен Ортизді қапы қалдырған болатын.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық боксшы Надежда Рябецтің әлем чемпионатының 1/8 финалында жеңіліп қалғанын, есесіне Виктория Графееваның алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жеткенін жазған едік.
Ал ерлер арасында Төрехан Сабырхан мен Бейбарыс Жексен Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан ересектер арасындағы әлем біріншілігін жеңіспен бастады.