Әлем чемпионатына келген шетелдік жұлдыздар қазақ еліне ақ тілегін жолдады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанаға жарысқа келген әлемдік спорт жұлдыздары қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астанаға күрес түрлерінен әлем чемпионатына келген Олимпиада чемпиондары, әлемдік спорт жұлдыздары, шетелдік жаттықтырушылар мен халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қазақстандықтарды 25 қазан күні атап өтілетін ұлттық мереке — Республика күнімен құттықтады.
Атақты спортшылар мерекелік бейнеқұттықтау жолдады. Қазақстандықтарды еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, еркін күрестен төрт дүркін әлем чемпионы америкалық Кайл Снайдер, сондай-ақ грек-рим күресінен Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы, 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында екі дүркін әлем чемпионы Семён Новиков құттықтады.
Қазақстандық балуан Ризабек Айтмұхан отандастарын ұлттық мерекемен құттықтап, елімізге бейбітшілік пен амандық тіледі.
— Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміз дамып, өркендей берсін! — деді әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан.
Ал еркін күрестен тарихтағы ең жас Олимпиада чемпионы атанған америкалық балуан Кайл Снайдер елордада ерекше қарсы алған қазақстандықтарға алғысын білдіріп, мерекелік тілегін жеткізді.
— Қазақстан халқы, Республика күні құтты болсын! Астанада мені өте ерекше жылы қарсы алды. Мен Астананы жақсы көремін. Баршаңызға бейбітшілік, денсаулық және амандық тілеймін! — деді Кайл Снайдер.
Өз кезегінде грек-рим күресінен 87 келіге дейінгі салмақта Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Семён Новиков те жылы лебізін білдірді.
— Қазақстан халқын 25 қазан — Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға тек жақсылық, бақыт, зор денсаулық, бейбітшілік және отбасыларыңызға амандық тілеймін! — деді Олимпиада чемпионы.
Бұдан бөлек, мерекелік бейнеқұттықтауға хорватиялық жаттықтырушы Божо Старчевич, Моңғолия құрамасының өкілі Грант Уорд Тёрнер, сондай-ақ америкалық спорт журналистері Эндрю Спей, Джонатан Козак пен Марк Бадер қатысып, қазақстандықтарға ізгі тілектерін жолдады.
Шетелдік қонақтар қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап қана қоймай, Астана қаласынан алған әсерлерін де бөлісті. Олар елорданың сұлулығы мен тазалығын, қазақстандықтардың қонақжайлығын ерекше атап өтті. Кейбір шетелдік қонақтар Қазақстан мен оның мәдениетіне деген құрметін білдіріп, қазақ тілінде құттықтау сөздерін жеткізді.
Айта кетейік, 24 қазан мен 1 қараша аралығында елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Беделді халықаралық жарыста 135 елден келген 900-ге жуық спортшы жарыс жолына шығады.
Әлемдік спорт жұлдыздары мен шетелдік қонақтардың ұлттық мерекеге орай жолдаған құттықтаулары Қазақстанға деген құрметін айшықтап, елдер арасындағы достық пен халықаралық спорттық байланысты нығайтуға ықпал етті.
Бұған дейін Астананың бірнеше алаңында Республика күніне арналған мерекелік концерттер өтіп жатқанын жазғанбыз.