Әлем чемпионатының жүлдегері Милана Сафронова кәсіпқой боксқа ауысты
АСТАНА. KAZINFORM – 2019 жылғы әлем және Азия чемпионатының қола жүлдегері Милана Сафронова кәсіпқой боксқа ауысты.

Бұл туралы боксшы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім етті.
– Әлемдік ареналарда Отанымның туын жоғары көтеруді әрқашан армандадым. Бұл межеге кәсіпқой бокста да ұмтыламын. Қазақстаннан шыққан алғашқы абсолютті әлем чемпионы атану – басты мақсатым. Алғашқы жаттығу жиыным үздік бапкерлермен бірге Таиландта өтті. Қазіргі кезде Мәскеуге, мені әуесқой бокста чемпиондыққа жеткізген алғашқы жаттықтырушым Захар Семенович Рутенбергке оралдым. Ресми түрде кәсіпқой боксқа ауысамын. Жуырда бірінші жекпе-жегімнің мерзімін жариялаймын. Мықты командаммен бірге чемпион атанып, еліме барлық титулды әкелуге дайынмын, - деп жазды Сафронова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының нешінші орын алғаны белгілі болғанын жазған едік.