Әлем чемпионаты-2017: Қазақ боксшылары айқастарын жеңіспен бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Германияның Гамбург қаласында әуесқой боксшылар арасында басталған XIX әлем чемпионатында қазақстандық былғары қолғап шеберлері алғашқы айқастарын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқы болып шаршы алаңға шыққан 49 келіге дейінгі салмақтағы боксшымыз Ержан Жомарт гватемалалық қарсыласы Майкл Телье Тельені қапы қалдырса, 56 келіде сынға түскен Қайрат Ералиев те бірінші айқасын жеңіспен бастады. Ералиев бірінші жекпе-жегінде мексикалық Кристофер Флорес Магананы айқын басымдықпен ұтты.
Айта кетейік, 25 тамыз бен 3 қыркүйек арасында өтетін дүбірлі додаға әлемнің 85 елінен 280 боксшы бақ сынауға келген.
Естеріңізге сала кетейік, бұл әлем біріншілігінде Қазақстан намысын 49 келі салмақта Ержан Жомарт, 52 келі салмақта Азамат Исақұлов, 56 келі салмақта Қайрат Ералиев, 60 келіде Әділет Құрметов, 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Ерік Әлжанов, 91 келіде Василий Левит және аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев қорғайды.