Әлем чемпионаты басталмай жатып, Қазақстан жаңа рекорд орнатты

АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат - Әлем чемпионаты басталмай жатып-ақ, жаңа рекорд­тың авторы атандық. Нақты айтсақ, бокс­шы­ларды тіркеу мерзімі аяқталған сәтте-ақ дүбірлі додаға қатысушы елдердің саны жөнінен бұрынғы рекорд жаңартылды.

Әлем чемпионаты басталмай жатып, Қазақстан жаңа рекорд орнатты

«Алаш айнасы» басылымының хабарлауынша, осыдан екі жыл бұрын Бакуде өткен дүниежүзілік біріншілікте жүлделі орын­дарға 113 елдің 570 боксшысы таласқанда, «не деген көп» деп таңғалғандар енді жаңа цифрді көріп тағы да таңдайларын қағуда. Сонымен, Балуан Шолақ атын­дағы Спорт кешенінде керілген шаршы алаңда 116 елдің 576 боксшысы өнер көрсетеді. Солардың ішінде Еуропадан 39 ел тіркелді. Азиядан - 26, Оңтүс­тік және Солтүстік Америкадан - 25, Африкадан - 22 және Мұхит аралдарынан 4 ел Алматыға ат басын бұрады.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда өтетін әлем чемпионаты АІВА-ның жаңа ережесі бойынша өтеді. Яғни боксшылар шаршы алаңда шлемсіз жұдырық­тасып, ұпай санау жүйесі де басқаша болады.

«Жаңа рекордтың орнағанына өте қуаныштымын. Бұл бокстың бүкіл әлемде қарқынды дамып жатқанын көрсетеді», - деп ағынан жарылды осы тұрғыдағы өз ойымен бөліскен АІВА президенті доктор Чинг Куо Ву.