Әлем чемпионаты: Қырғыздар моңғол көкпаршыларынан басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының «Қазанат» атшабарында көкпардан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қырғызстан құрамасы моңғол көкпаршыларын 4:0 есебімен ұтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Әлем чемпионаты: Қырғыздар моңғол көкпаршыларынан басым түсті

Тартысты жарыстың 6-шы минутында қырғыз көкпаршысы есеп ашты. Бірінші салымның соңынан екінші ұпайға қол жеткізген қырғыздар алғашқы кезеңді 2:0 есебімен аяқтады. Екінші кезеңде бірнеше мүмкіндігі болғанымен, моңғол көкпаршылары ойын сәтін соңына дейін жеткізе алған жоқ. Көкпардың келесі бөлігі де 4:0 есебімен қырғыздардың пайдасына шешілді.


null null null 

«Ойын оңай болып жатқан жоқ. Біздің елден осы жылдың наурыз және мамыр айларындағы республикалық көкпар сайыстарынан көзге көрінген ең сақа көкпаршылар келді. Қазақстанның көкпардан тұңғыш әлем чемпионатын өткізіп жатқанына шын қуанып отырмыз. Нақты бір құраманы чемпион деп бөліп жарып айта алмаймын. Қазылық әділ болса жеңіске біздің де үмітіміз бар», - дейді Қырғыз Республикасы «Көкбөрі» федерациясының вице-президенті Жырғалбек Саматов.

Еске сала кетсек, бүгін Астанадағы «Қазанат» атшабарында көкпардан әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан Ауғанстан құрамасын жеңсе, Тәжікстан Өзбекстан құрамасынан басым түсті. Әзербайжан құрамасы келмегендіктен, жеңіс автоматты түрде Қытай құрамасына бұйырды. Ал көкпар ойындарына тұңғыш қатысып отырған Америка ковбойлары Түркияның көкпаршыларынан ойсырай жеңілді. Венгрия құрамасы Ресей көкпаршыларына есе жіберді.