Әлем чемпионаты: Парижде тағы бір қазақ балуаны финалға шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның Париж қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында тағы бір қазақ балуаны Мейрамбек Айнағұлов финалға шықты. Бұл туралы Қазақпарат тілшісі біріншілікте жүрген Бейжің олимпиадасының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевқа сілтеме жасап хабарлайды.

Әлем чемпионаты: Парижде тағы бір қазақ балуаны финалға шықты

«Міне, бүгін әлем біріншілігінің екінші күні! Кеше 71 келі салмақтағы бауырымыз финалға дейін сүрінбей жетіп, алғашқы күміс жүлдені жеңіп алса, бүгін 59 келі салмақта тағы бір бауырымыз финалға шықты. Ол ширек финалда кореялық балуанды еш қиналмай ұтты. Бұл қазақ елі үшін үлкен жетістік. Осыған дейін грек-рим күресінен екі қазақ баласы бір әлем біріншілігінде финалға дейін жетіп көрмеген. Бұл елімізде грек-рим күресінің қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі», - деп атап өтті Н.Теңізбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Мейрамбек Айнағұлов топтық кезеңде қарсыласын бар болғаны 29 секундта 8:0 есебімен ұтып ширек финалға жолдама алды. Сондай-ақ, отандасымыз осы әлем біріншілігіндегі қарсыласын ең жылдам ұтқан балуандардың бірі атанды.