22:48, 02 Қыркүйек 2017 | GMT +5
Әлем чемпионатында екі алтын Куба боксшыларына бұйырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокстан Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының алғашқы екі алтыны Куба боксшыларына бұйырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін әлем біріншілігінің финалдық жарыстары өтіп жатыр. Ең алғаш болып, 49 келі салмақта сынға түскен кубалык Хоанис Архилагос пен өзбекстандық Хасанбой Дусматов арасындағы тартыста Куба қабыланы қарсыласын айқын басымдылықпен ұтып, отандастарына алғашқы алтын жүлдені сыйласа, екінші болып 52 келі салмақта шаршы алаңға шыққан тағы бір кубалық боксшы Жосван Виития қарсыласынан айласын асырып, екінші алтынды жеңіп алды. Виитияның да қарсыласы өзбекстандық боксшы Жасурбек Латипов болатын. Осылайша екі өзбек боксшысы күміс жүлдені қанағат тұтты.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін қазақ елінің атынан алтынға Қайрат Ералиев (56 кг), Әбілхан Аманқұл (75 келі) және (91 келіге астам) Қамшыбек Қоңқабаев таласады.