Әлем чемпионатында тағы бір қазақ боксшысы финалға жолдама алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокстан әлем чемпионатында 75 келіге дейінгі салмақта қолғап түйістірген қазақ боксшысы, Тараз өңірінің тумасы Әбілхан Аманқұл әзербайжандық боксшы Камран Шабшураглуды жартылай финалда жеңді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Алғашқы раунд қос боксшы үшін тең дәрежеде өрбіді. Шиеленісті жекпе-жекте нақты екеудің біреуі алға шықты дейтіндей емес - өзара соққы алмасу болды. Камран біздің елдің бокс мектебінің мәнерін білгендіктен бе, ауыр соққыларға лайықты жауап беріп жүрді. Алайда екінші раундтың соңындағы Әбілханның басымдығы айқындала түскен еді. Күптеген соққылар Камранды есеңгірете түсті. Бірақ әзербайжандық соңына дейін жанын салып бақты. Төрешілердің шешімімен Әбілхан 4:1 жеңіске жетті.

Айта кету керек, әзербайжандық Камран Шабшураглу Ақтөбе облысының тумасы. Кейін Әзірбайжанға көшіп кеткен. Қазіргі уақытта сол елдің намысын қорғап жүр. Ал Әбілхан Аманқұл олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бахтияр Артаевтың ауылдасы.

Еске сала кетсек, Германия елінің Гамбург қаласында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Қайрат Ералиев (56 келіге дейінгі салмақ) финалға жолдама алса, 49 келіге дейінгі салмақта Жомарт Ержан қола жүлдені қанағат тұтты. Бұған қоса тағы үш боксшымыз жартылай финалға жолдама алып отыр.

Соңғы жаңалықтар