Әлем чемпионы Аружан Зейнуллаеваға ауылдастары ат мінгізіп, құрмет көрсетті
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Әлем чемпионатынан алтын медаль алған 17 жастағы қазақстандық боксшы Аружан Зейнуллаева мен жаттықтырушысына ауылдастары құрмет көрсетіп, тұлпар мінгізді.
«Бәрі өзіміздің бауырларымыз, ағаларымыз, ауылдастарымыз. Осылай ауылға шақырып, ас беріп, той қылып жатыр. Қызымызды құрметтеп, ат мінгізді. Барлығына алғысым шексіз. Ризамыз. Аружанның жаттықтырушысы Жангелді Ахметовке де ризашылығымды білдіремін», - деді Аружанның әкесі Шалқар Ахметбеков.


Айта кетейік, Аружан 27 қазан мен 3 қараша аралығында Черногорияның Будвада қаласында өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатының алтын жүлдесін иеленген болатын. Ол 81 келі салмақта финалда өзбекстандық Рухшон Парпиевамен жұдырықтасып, 5:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Турнирде Қазақстан құрамасы 6 алтын, 1 күміс, 10 қола алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.

Еске салайық бұған дейін 13 жасар Снежана Кашкарова ауыр атлетикадан сенсация жасағанын жазғанбыз.