Әлем чемпионы Айбек Шаукилов: Финалдық бәсекеде Көк ту жігерімді жаныды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Украинада киокушинкай-кан каратэден өткен Әлем чемпионатында алтын медаль алған 17 жастағы қызылордалық оқушы Айбек Шаукилов жас та болса жарқын жеңісімен елінің үмітін ақтап келді. «Елім» деген өреннің рухы асқақ, мақсаты айқын. «ҚазАқпарат» ХАА тілішісімен әңгімесінде жас чемпион жеңістің ең биік тұғырына қалай жеткенін айтып берді.
«16-17 жас аралығындағы 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жарыс кілеміне шықтым. Алғашқы қарсыласым Иран елінен келген спортшы болды. Айқас мен үшін сәтті өтті. Иппон әдісімен, яғни толық ұпаймен ирандық қарсыласымды тізе бүктірдім. Екінші және үшінші кездесуде екі бірдей испандық және голландиялық қарсыласпен орынға таластық. Ірі жарыстарда бір байқағаным, залдағы көрерменнің әсері күдік пен үміттің арасындағы екіұдай күйде қалдырады екен. Испандық қарсыласым дене мығымдығы турасынан анағұрлым ірі болғанымен, оны көптің мысы басып кеткен секілді. Бұл ретте мені жаттықтырып жүрген Бауыржан Мұқановтың бізді дайындау әдісін ерекше айта кеткім келеді. Бапкеріміз бізді дене машығымызбен бірге, психологиялық тұрғыда көп дайындайды. «Рухыңның түскені - жеңістің жартысынан көбін беріп қойғаның» деп үйретеді», - дейді Айбек.
Жас чемпионның айтуына қарағанда, финалда кездескен ұлты гүржі қарсыласын ұту өте оңайға түспеген көрінеді. Мықтының мықтысы іріктелетін ақтық додада көптің тілек-батасы орындалып, отандасымыз алтын медальді қанжығасына байлаған.
«Гүржі қарсыласымнан жасқанғанымды жасырмаймын. Бірақ, қарсыласыммен аңдысқан сәттерімнің бірінде залда жерлестерім желбіреткен Көк туымды көзім шалып қалды. Желбіреген Ту жеңіске жетелеген секілді. Бойымды тез жиып, шапшаң әдіс-амалдармен тұғырға көтерілдім», - дейді чемпион.
Айбек 2001 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Кокушинкай-кан каратэге қатысқанына 8 жылдай болып қалыпты. Қызылорда қаласындағы №101 мектепте оқиды.
«Республикалық додаларда топ жарып жүргеннен кейін Әлем чемпионы болсақ деген арманымыз бар еді. Бұл белесті бағындырғаным үшін қуанышым шексіз. 11 сынып оқып жүрмін. Биыл мектеп бітіретіндіктен, мамандығымды таңдап қойғанымды айта аламын. Сәтін салса, спорттық ЖОО-лардың бірінде білім алсам деймін», - дейді Айбек.
Жас чемпион қатарластарына қарағанда ерекше дағдысы болғанымен, көше төбелесіне барынша бас сұқпауды ойлайтынын айтады.
«Әлбетте, жас болғасын түрлі жағдайлар туындауы мүмкін. Алайда өзгеден ерекше дағдымды спорт залынан басқа ешқайда қолданбауға бекінгенбіз. Себебі, бапкеріміздің қатаң қағидаты осы. Сабақ және спортқа ден қойып, келешекте биік мақсаттарды бағындыруды көздеймін», - дейді чемпион.
Еске сала кетсек, Украинаның Одесса қаласынан «алтынға толы» қоржынмен оралған саңлақтарымыздың басын Ұлттық республикалық Киокушинкай-кан каратэ федерациясы бүгін Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде қосқан болатын. Қазақ спортшылары аталған додадан 12 алтын, 4 күміс пен 1 қола медаль алып келіп отыр.
Федерация президенті Омархан Өксікбаевтың айтуынша, Қазақстан спортшылары бұрын соңды киокушинкай-кан каратэден Әлем чемпионатында мұндай зор жетістікке қол жеткізбеген.