Әлем чемпионы Головкин - «Канело» жекпе-жегіне баға берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - IBF, WBA Super және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Джарретт Херд Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің 15 қыркүйекте Лас-Вегаста өткен соңғы жекпе-жегіне өз бағасын берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.
«Мен негізі бұл айқаста GGG жеңді деп жүргенмін. Бірақ сосын жекпе-жекті қайтадан мұқият қарап шықтым да, көп адамның неге «Канелоға» сүйсініп жүргенін түсіндім. Альварес Головкинге не керек болса, соны берді. GGG қашып жүрді, бірыңғай қарымта соққы беріп, «джебтен» аса алмады. Оның соққылары жаман емес, бірақ бұл кездесуде «Канелоның» жеңгені айдан анық көрініп тұр. Головкин жасы келіп, қартая бастағанын білдіріп қойды ма? Айта алмаймын. Ол бұрын да «джебпен» жұмыс жасайтын, бірақ бұл жолы тікелей денеге жұдырық жұмсамады. Дегенмен, Альварестің өзіне тән ерекше «мексикалық стилін» атап өту керек», - деді Херд Laugh At First Site журналына берген сұхбатында.
Фото: vk.com/ggolovkin