Әлем футболының тарихынан сыр шертетін қазақ тіліндегі «тұңғыш футбол энциклопедиясы» жарыққа шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футбол - қазіргі таңда әлем сахнасында үлкен мән-маңызға ие болып тұрған спорт түрі. Төрткүл әлем көз тіккен футбол ойынының сиқыры адамзат баласын күн өткен сайын баурап алуда. Өзге мемлекеттердегі тәрізді Қазақстанда да оған көп көңіл бөлініп, оны дамыту жолдары жүзеге асырылып жатыр.

Әлем футболының тарихынан сыр шертетін қазақ тіліндегі «тұңғыш футбол энциклопедиясы» жарыққа шықты

Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, соңғы жылда қазақ футболы дамудың даңғыл жолына түсті. Еліміздің атын әлемге паш еткен «Астана» футбол клубының соңғы кездері қол жеткізіп жүрген жетістіктері бұған дәлел. Бұрын «Қазақ футболының бойына қан жүгірмей-ақ қойды» деп қынжылыс танытып жүрген болсақ, бұл саланы кеңінен қамтып, футболсүйер қауымға ана тілімізде бағыт-бағдар беретін еңбектердің болмауы да оған өз әсерін тигізсе керек. Бұл өз кезегінде елімізде аталмыш спорт түрінің дамуының көп жылдар бойы кенжелеп қалуының тағы бір себебі.

Қазір қазақ баласы футболға қатты қызығып жүр. Бокс, ауыр атлетика, күрес секілді спорт түрлері елімізде аса қарқынды дамығанымен, жылдар бойы футболға көп көңіл бөлінбей келді. Демек, бұл салада алда атқарылар істер көп. Болашақта қазақ футболын әлемдік деңгейге көтереміз десек, бірқатар түйткілді мәселелерді шешу қажет. Оның ішінде бұл спорт түріне деген халықтың ықыласын ояту керек, ол үшін аталмыш саланы рухани тұрғыдан қолдауды да ұмытпау керек. Осы тұрғыда, аталған олқылықтың орнын толтыруға талпынған журналист, публицист Сәкен Сыбанбай көпшілікке өзінің тың туындысын ұсынды. Қазақ тіліндегі тұңғыш футбол энциклопедиясы деуге тұрарлық «Ала доптың аламаны. Әлем чемпионаттарының тарихы» деп аталатын кітап жарыққа шықты. Аяқдоптың қыры мен сырын ақтарған еңбек футбол десе ішер асын жерге қояр жанкүйер қауымға, жалпы осы өнерге аса іңкәр жұртшылыққа арналады.

«Футбол жанкүйерлері үшін көптен күткен кітабымыз жарыққа шықты. Мұнда 1930 жылдан 2014 жылғы чемпионатқа дейінгі ойындар: шолулар, іріктеу ойындары, финалдық турнирлер, матч хаттамаларымен, түрлі-түсті фотосуреттерімен түгел қамтылған. Әзірге сүйінші даналары ғана қолға тиді», - дейді аталмыш кітаптың авторы Сәкен Сыбанбай.

Бұл футбол жайлы қазақ тіліндегі спорт тарихының көрнекті білгірі Сейдахмет Бердіқұловтың «Жұмыр жерде теңбіл доп» кітабынан бастау алған, осы тақырыпты қамтыған туындылардың жалғасы іспетті кесек дүниелердің бірі.

Осы салада талай жылдан бері қалам тербеп жүрген Сәкен Сыбанбайдың айтуынша, кітапта оның 30 жыл бойы жинаған еңбектері түгел қамтылған. Туындыда осыған дейін өткен футболдан 20 әлем чемпионаты, яғни сонау 1930 жылғы жарыстан күні кешегі 2014 жылғы турнирге дейін түгел енген. Әр чемпионаттың шежіресі жеке-жеке шертіледі. Күллі дүние көз тігер дүбірлі доданың іріктеу ойындарынан бастап, шешуші сындарындағы барлық нәтиже толығымен қамтылады. Финалдық турнирлердің бүкіл ойындары ресми хаттамаларымен ұсынылып отыр. Әр чемпионаттың үздік футболшылары, жеңімпаз бапкерлер, символикалық құрамалар жөнінде де әңгіме болады.

Айта кетейік, кітап авторы Сәкен Сыбанбай - «Ғажайып Үндістан» газетінде, республикалық «Ақ желкен» журналында, «Ана тілі» газетінде қызмет атқарған журналист. «Жас Алаш» газетінде тілші, спорт, руханият бөлімдерінің меңгерушісі, редакция меңгерушісі, республикалық «Жас қазақ» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болып қызмет істеді. Қазір «Алматы ақшамы» газетінде еңбек етеді.

Қазақ футболының өсіп-өркендеуі келешектің еншісінде. Қазіргі кезде мұнда оң беталыстар байқалып жатқаны қуантады. Тек оны материалдық-базалық тұрғыдан ғана емес, рухани қолдау, бұл салада қазақ тіліндегі әдебиеттермен көбірек қамту қазіргі таңда өзекті болып тұрғаны хақ. Қарадомалақ қазақ баласының талантын ашып, теңбіл допты тебуге деген құштарлығын оятар кітаптар осымен шектелмей, алдағы уақытта жарық көріп жатса құба-құп. Әрі, соңғы кездері спорт тақырыбында қалам тартуға ниетті қазақ журналистерінің саны артып келе жатқанын ескерсек, олардың да осы мәселеге, яғни спорттың қай түрі болмасын, оны қазақ тілінде тарихи, рухани тұрғыдан қолдауға көбірек көңіл бөлсе деген тілек бар.

Гүлнара Жомартова