Әлем ғалымдары жылқының ең алғаш қазақ жерінде қолға үйретілгенін дәлелдеді

Бұны әлемнің 6 елінің 8 ғалымынан құралған топтың жаңа генетикалық зерттеуі дәлелдеп отыр. Аталған ғалымдар тобының қатарында Ұлыбритания, АҚШ және Қазақстан ғалымдары бар.
Ақпарат BAQ.kz порталында жарияланды.
"Жібек жолы" жаңалықтар желісінің хабарлауынша, зерттеу нәтижелері АҚШ Ұлттық ғылым акадамиясының Proceedings of the National Academy of Sciences (PNAS) журналының 8 мамырдағы санында жарияланған. Жылқының қолға алғаш үйретілген жерін нақтылау үшін ғалымдар Ұлы даланың түрлі аймақтарынан - 8 мемлекеттің аумағынан жиылған жылқылардың генетикалық үлгілерін сараптамадан өткізген. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Украина, Ресей, Литва және Грузия елдері. 16 жылға созылған зерттеулер барысында 328 жылқының генетикалық материалдар үлгілері жиналған.
Оның ішінде үлгілерді ең көп ұсынғаны - Қазақстан болды. Атап айтқанда Қазақ елінің Маңғыстау, Қызылорда, Қарағанды облыстары аумағынан жылқылардың генетикалық материалының 84 үлгісі берілген. Қырғызстан 20 үлгі ұсынған. Жинақталған материалдар компьютерлік моделдерді қолдану арқылы түрлі сценарий шеңберінде сараптамадан өткізілген.
Осының нәтижесінде жылқы түлігінің жер бетінде ең алғаш Қазақстан мемлекеті орналасқан аумақта, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан облысындағы ерте қола дәуірінің археологиялық ескерткіші - Ботай қонысы маңында қолға үйретілгені дәлелденген.
Ғалымдардың айтуынша ежелгі Ботай қонысы адамзат тарихы мен дамуына ерекше әсер еткен өте маңызды процесс - жылқыны қолға үйретуді анықтауға мүмкіндік берген.
«Ботай мәдениетінің қазбалары жылқының бұл қоныс адамдары өмірінде аса маңызды рөл атқарғанын көрсетті. Олар жылқыны аулап, етін азық еткен тәрізді. Өйткені қоныстағы қалдықтар тасталатын жерден жылқылардың көптеген сүйегі табылды. Басқа да археологиялық қазбалар деталдары, керамика сияқты заттар да бұны дәлелдейді. Тәрізі бұл тіршілігі жылқымен тығыз байланысты мәдениет болған», - дейді зерттеудің тең авторларының бірі Питтсбург университеті профессоры Брайан Хэнкс.