Әлем қазақтарын тоғыстырған құрылтайға - 34 жыл

АСТАНА. KAZINFORM – 1992 жылғы 29 қыркүйекте Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өз жұмысын бастады. Тарихи жиынға әлемнің түрлі елдерінен қазақ диаспорасының өкілдері қатысып, шетелдегі қандастардың өзекті мәселелері талқыланды.

п
Фото: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

Алғашқы құрылтайдың басты мақсаты – дүниежүзінде өмір сүріп жатқан қазақтарды тарихи Отаны төңірегіне топтастыру, олардың арасындағы рухани-мәдени байланысты нығайту, ана тілі мен ұлттық салт-дәстүрді сақтау болды.

Құрылтай барысында шетелдегі қазақтардың әлеуметтік жағдайы, ұлттық мәдениетті дамыту, ана тілін сақтау және тарихи Отанына оралу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Осыдан кейін Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы бірнеше рет ұйымдастырылды. Екінші құрылтай 2002 жылы Түркістан қаласында, үшінші құрылтай 2005 жылы Астанада, төртінші құрылтай 2011 жылы Астанада өтті.

Ал бесінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы 2017 жылғы 22-25 маусым аралығында Астана қаласында ұйымдастырылды. Оның негізгі шаралары «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткізілді. Құрылтайдың ашылу салтанаты 23 маусымда өтті.

Бесінші құрылтайға әлемнің бірқатар елдерінен келген қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Жиын барысында шетелдегі қандастардың жағдайы, тарихи Отанына қоныс аудару, ұлттық мәдениет пен тілді сақтау, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдегі қазақтар арасындағы байланысты одан әрі нығайту мәселелері қаралды.

- Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы – әлемнің әр түкпірінде тұратын қазақтардың басын қосатын маңызды халықаралық жиын. Оның негізгі мәні – ұлттық бірлікті нығайту, тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау және шетелдегі қандастармен байланысты дамыту. Өкінішке орай соңғы жылдары құрылтай өткізудің мүмкіндігі болмады. Шара алдағы уақытта жалғасын табады деп үміттенеміз , - дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Қарлығаш Бекпатшақызы.

Айта кетейік, екі мыңнан астам қандас мемлекеттік білім грантын иеленді.