Әлем қазақтарының кіші құрылтайы: Ақмолалықтар «Ордалы елге 30 жыл» атты көрме ұсынды
Биылғы жылғы қыркүйектің 23-24 күндері өткен әлем қазақтарының кіші құрылтайына Түркия мен Еуропа елдерінен қазақ қауымдарының 100-ден астам өкілі, Қазақстанның мәдениет мекемелері мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Шетелдегі қазақ диаспорасының өзекті мәселелері бойынша нәтижелі пікір алмасты. Кіші құрылтайдың бағдарламасы көптеген мәдени-ағарту іс-шараларын қамтыды.
«Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйғаруы бойынша Ақмола облысының Мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы музейлерінің «Ордалы елге 30 жыл» атты көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл жауапты да маңызды міндет Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаевтың қолдауымен жүзеге асты.
Қазақ елінің арғы-бергі тарихымен сабақтастырылған, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бұл көрме Әлем елдерінен келген қандас ағайынның көңілдерін толқытып, көзайымына айналды», - деді ведомстводан.
Көрмені тамашалаған Түрік еліндегі Қазақстанның бас консулы Әлім Дәуренұлы Байел, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбеков көпшілік назарына көрме ұсынған ақмолалықтарға ризашылығын білдірді.