09:24, 03 Наурыз 2023 | GMT +5
Әлем көмірқышқыл газы қалдығының көлемі бойынша рекордты жаңартты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлемде энергия өндіру есебінен көмірқышқал газы қалдықтарының көлемі 0,9%-ға өсіп, 36.5 гигатоннадан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Халықаралық энергетика агенттігі жариялаған есепте айтылған.
Сарапшылар оған негізінен табиғат жағдайлары, оның ішінде әлемнің кей өңірлеріндегі құрғақшылық пен аптап ыстық, сондай-ақ атом электрстанцияларын өшіру себеп болғанын айтады.
Қалдықтардың өсуін пандемиядан кейін қалпына келтірілген белсенді әуе тасымалымен де байланыстырады. Оған қоса, көптеген қалалар арзан энергия көзі ретінде көмірді пайдалануға көшті.
Жаңа рекордқа қарамастан, өсім болжанғаннан аз болып шықты. Сарапшылар мұны жаңартылатын энергия көздеріне және электрлік тарту күші бар көліктерге жаппай көшумен байланыстырып отыр.