Әлем кубогы: Юлия Галышева кіші финалға қатыспай қойды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Фристайл-могулдан Қазақстан командасының бас бапкері Елена Круглыхина Жапониядағы әлем кубогы кезеңінде Галышеваның жарыстан бас тарту себебін түсіндірді деп хабарлайды Olympic.kz.
Айта кетсек, Тазавакода өтіп жатқан әлем кубогі додасында қазақстандық Юлия Галышева жартылай финалға жетіп, франциялық Перрин Лаффоннан ұтылған болатын.
Параллельді могул ережесі бойынша, Галышева қола медальға таласуы керек еді. Алайда, Юлия кіші финалда австралиялық Энтони Джакарамен жарысудан бас тартты.
Бас бапкер Елена Круглыхина спортшының мұндай шешімге неліктен барғанын түсіндірді.
«Юлия қандай да бір жарақат алған жоқ. Ол спорттық бабында. Оның қола медаль үшін өтетін жарысқа шықпауына төрешілерге деген реніші себеп болды. Яғни, біз төрешілер шешімімен келіспейміз. Сол себепті, Юлия жарысқа шығудан бас тартты. Енді әрі қарай, кезекті жарыстарға дайындаламыз» , - деді бас бапкер Круглыхина.
Галышева жекелей сында қола медаль иеленгенін хабарлаған болатынбыз. Қазақстан құрамасының өзге спортшылары жүлдеге іліккен жоқ.