Әлем тоғызқұмалаққа құмартып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлем тоғызқұмалаққа құмартып отыр. Қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны әлемдік порталдарда танымалдығы жағынан алға шығып, интернет арқылы жүзден астам елде ойналуда. Бұл туралы жақында Қытайдан қазақтың жаңа зияткерлік ойынымен танысып қайтқан Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығының бас хатшысы, Тоғызқұмалақтан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мақсат Шотаев айтты, деп жазады «Айқын» газеті.

Әлем тоғызқұмалаққа құмартып отыр

Оның айтуынша, қазіргі кезде тоғыз­құ­ма­лаққа тек Қытайда ғана емес, дүниежүзінде де қызығушылық артып отыр. Ұлттық ойынның зияткерлік қасиеттері рухани мұрамыздың танымалдылығын арттыруда. Сондай-ақ тоғызқұ­малақтың жеке тұлғаның озық қасиеттерін қалыптастырудағы орны ерекше. Сондықтан болар, интернет кеңістігіндегі iggamecenter.com сайтында тоғызқұ­малақ танымал 145 ойынның арасында бірінші орында тұр.

Ал Қытайдағы семинар Үрім­ші және Алтай қаласында өтіп, оған Шыңжаң қазақ мә­дениет қоғамы басшылық жа­сады.

«Жалпы, тоғызқұмалақты мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі тек Қытайда ғана емес, Моңғолия, Ресей, Қырғызстанда да көтерілуде. Тіпті Түркияда да бірқатар түрік жанашырлары ұлттық ойынды мектеп бағдар­ламасына енгізудің жобасын жасауда. Сондай-ақ зияткерлік мұрамызды Еуропада дамытып отырған бірден-бір мемлекет - Чехияда мектеп оқушыларының арасында жарыстар өткізілуде.

Биылғы жылы ұлттық ойын­дар бойынша Бішкекте І «Ұлы Дала ойындары» өткізілді. Бұл бәсеке кезінде онға жуық ұлттық спорт ойындары, оның ішінде жекпе-жек, асық, тоғыз­құмалақ, күрес, көкпар, қыз қуу, бәйге және тағы басқа ойын­дардан сайыстар өтті. Яғни біз ұлттық ойындар олимпиадасын өткізіп үлгердік. Ендігі ме­жеміз - әлем­дік олим­пиадаларға ұлттық ойын­дарымызды енгізу»,- дейді М. Шотаев.