Әлемді таңғалдырған 10 жетістік: биылғы Гиннес рекордтары

АСТАНА. KAZINFORM — Киім-кешек жайып үйренген лабрадордан бастап, динозавр костюмін киген 800-ден астам адамға дейін. 2026 жыл ерекше әрі таңғаларлық әлемдік рекордтарға толы болды. 19 қарашада атап өтілетін Дүниежүзілік Гиннес рекордтар кітабы күніне орай Kazinform тілшісі биыл тіркелген ең қызықты он жетістікті назарға ұсынды.

Әлемді таңғалдырған 10 жетістік: биылғы Гиннес рекордтары
Фото: Canva / Ралина Джакишева

АҚШ-тағы Джава есімді қара лабрадордың өзгеше қабілеті бар. Ол киімдерді қыстырғыштардың көмегімен жіпке іліп, жайып бере алады.

Киім жаятын лабрадор
Фото: Guinness World Records

21 наурызда Миссури штатының Канзас-Сити қаласында Джава небәрі бір минут ішінде киім жібіне сегіз қыстырғыш қадап, әлемдік рекорд орнатты. Ол үшін ит әр қыстырғышты тісімен алып, аузын ашып, жіпке дұрыс орналастырып, жерге түсірмей босатуы керек болған.

Иттің иесі Лиза Рикардс көп жылдан бері жануарларды үйретумен айналысады. Бір қызығы, Джавадан бөлек, оның анасы мен әжесі де көмекші иттер ретінде арнайы дайындықтан өткен.

6 мыңға жуық шұлық жұбы кір жуғыш машиналарға түсті

Англияның Chorley FC футбол клубы мен Currys электроника дүкендер желісі ерекше әлемдік рекорд орнатуға бел буды.

19 шілдеде футбол алаңына 21 кір жуғыш машина қойылып, қатысушыларға шиыршықтап оралған шұлық жұптарын олардың ішіне дәлдеп тебу ұсынылды.

Бір сағат ішінде ойыншылар кір жуғыш машиналарға 5 956 жұп шұлық түсіріп, Гиннес рекордтар кітабына енді.

Бұл жарыстың қайырымдылық мақсаты да болды. Ұйымдастырушылар Даун синдромы бар адамдар мен олардың отбасыларына қолдау көрсететін жергілікті ұйымға қаражат жинады.

24 секундта екі мұнара тұрғызды

12 тамызда Лау Лонг Тинг екі қолына таяқша ұстап, әрқайсысында он ойын сүйегі бар екі мұнараны небәрі 24,52 секундта тұрғызды.

Шамамен 30 жастағы оқытушы бұл жетістігі арқылы шәкірттеріне табандылық, шығармашылық көзқарас және сүйікті ісіне деген құлшыныс адамды ерекше нәтижелерге жеткізетінін көрсеткісі келген.

Қолымен тұрып, 75 минуттан астам уақыт шыдады

Көпшілік үшін қолмен тік тұрудың өзін бірнеше секунд бойы сақтау оңай емес. Алайда Колумбия спортшысы Нестор Сантьяго Гонсалес Валеро бұл қалыпта бір сағаттан астам уақыт тұра алды.

Қолымен тұрып, 75 минуттан астам уақыт шыдады
Фото: Guinness World Records

2 тамызда Богота қаласында өткен рекордтық әрекет кезінде ол қолымен 1 сағат 15 минут 13 секунд бойы тік тұрды.

Тепе-теңдікті сақтау үшін спортшы дене салмағын мезгіл-мезгіл бір қолына ауыстырып отырған. Осылайша ол алдыңғы рекордтық көрсеткіштен 5 минут 10 секундқа асып түсті.

Динозавр костюмін киген 804 адам

28 тамызда АҚШ-тың Юта штатындағы Вернал қаласының көшелеріне тираннозаврдан бастап трицератопсқа дейінгі түрлі динозаврлардың костюмін киген 804 адам жиналды.

Осылайша, динозавр костюмін киген адамдардың ең көп жиналуы бойынша жаңа әлемдік рекорд тіркелді.

Динозавр костюмін киген 804 адам
Фото: Guinness World Records

Қала тұрғындары 2025 жылы да осындай рекорд орнатуға әрекеттенгенімен, қажетті қатысушылар санын жинай алмаған еді. Биыл олар бұл бастаманы қайта қолға алып, мақсатына жетті.

Іс-шараның қайырымдылық мақсаты да болды. 804 «динозавр» онкологиялық аурулармен күресіп жүрген адамдарды қолдау үшін бір мезетте қатты ақырып, ерекше акция өткізді.

Дэвид Аттенбороның 11 мың асқабақ пен кәдіден жасалған портреті

Ұлыбританиялық отбасы әлемге танымал табиғат зерттеушілерінің бірі Дэвид Аттенбороның 100 жылдық мерейтойын ерекше тәсілмен атап өтуді ұйғарды. Олар оның портретін 11 мың асқабақ пен кәдіден жасады.

Гэмпшир графтығындағы Sunnyfields фермасында Нельсондар отбасы бақамен бірге бейнеленген алып портрет құрастырды. Мозаиканы жасау үшін табиғи түстері әртүрлі көкөністер пайдаланылды.

Асқабақ
Фото: Guinness World Records

Композицияның жалпы аумағы 218,19 шаршы метрді құрады. 22 қыркүйекте бұл жетістік Гиннес рекордтар кітабына ресми түрде тіркелді.

Айта кетейік, Нельсондар отбасы мұндай ерекше туындыны алғаш рет жасап отырған жоқ. Бұған дейін олар рок-музыка аңызы Оззи Осборнның алып портретін де асқабақтардан құрастырған.

Бір минутта 48 мармелад аюын жеді

Балалық арманы мен мармелад аюларына деген сүйіспеншілігі 38 жастағы америкалық ветеринар Мэттью Пауэрске әлемдік рекорд орнатуға көмектесті.

4 сәуірде Массачусетс штатының Норуэлл қаласында ол тек коктейльге арналған істікшені пайдаланып, бір минутта 48 мармелад аюын жеді.

Осылайша, 2024 жылы австриялық Вольфганг Шварц орнатқан алдыңғы рекордтан бірден он тәттіге асып түсті.

Бұл сынаққа дайындық тек тәттіге деген сүйіспеншілікпен шектелмеді. Пауэрс әртүрлі мармелад өндірушілерінің өнімдері мен дәмдерін сынап, қайсысын жылдам жеуге ыңғайлы екенін анықтаған. Ақырында Albanese брендінің өнімін таңдап, соңғы он тәттіні уақытқа жеуді арнайы жаттықтырған.

Бір минутта 48 мармелад аюын жеді
Фото: Guinness World Records

Дайындық кезінде оның ең үздік нәтижесі небәрі 36 дана болған. Алайда ресми рекорд орнату кезінде ол 48 мармелад аюын жеп үлгерді.

Пауэрс бала кезінен Гиннес рекордтар кітабына енуді армандаған. Оның жетістігіне алғашқылардың бірі болып үш ұлы қуаныш білдірді.

Салмағы 1,4 тоннадан асатын Хэллоуин асқабағы

АҚШ-та Хэллоуин мерекесіне арнап өсірілген алып асқабақтың үлкендігі соншалық, одан дәстүрлі мерекелік шам ойып жасалғаннан кейін де салмағы айтарлықтай азаймаған.

Алып көкөністі Род-Айленд штатында байқауларға арнап асқабақ өсірумен айналысатын фермер Рон Уоллес өсірген. Бұрын рекорд орнатқан Трэвис Гинджердің жетекшілігімен үш шебер одан Хэллоуиннің дәстүрлі асқабақ шамын – джек-фонарь жасап шығарды.

27 қазанда Массачусетс штатының Салем қаласында асқабақтың салмағы ресми түрде өлшеніп, 1 431,5 келі, яғни 3 156 фунт екені анықталды.

Рекорд Raising Cane's мейрамханалар желісінің негізін қалаушы Тодд Грейвстің атына тіркелді. Бұл Хэллоуин мерекесіне төрт күн қалғанда жүзеге асты.

Қазақстан 2 415 адамды біріктіріп, ЖИ-агенттерін жасау бойынша рекорд орнатты

Бірі асқабақпен, енді бірі динозавр костюмімен немесе тәттілермен рекорд орнатса, Қазақстан жасанды интеллект саласындағы жетістігімен тарихқа енді.

23 қыркүйекте Астанада өткен HackAlem AI хакатонына 21 ел мен 129 университеттен 2 415 қатысушы жиналды.

Оларға белгілі бір дәрежеде дербес жұмыс істеп, тапсырмаларды орындауға және шешім қабылдауға қабілетті бағдарламалық жүйелер – жасанды интеллект агенттерін әзірлеу міндеті қойылды.

Іс-шара агенттік жасанды интеллект тақырыбына арналған әлемдегі ең ауқымды хакатон ретінде Гиннес рекордтар кітабына енді.

Қазақстан 2025 жылғы желтоқсанда Үндістанның Хайдарабад қаласында 2 089 қатысушының басын қосқан алдыңғы рекордтан асып түсті.

Робот Рубик текшесін 9,8 секундта жинады

Жаңа Зеландияның төрт инженері 4×4×4 өлшемді Рубик текшесін ерекше жылдамдықпен жинай алатын робот жасауға бір жыл уақыт жұмсаған.

Хейден Уотсон, Йохан Торрес, Маз Кэмерон және Калеб Эверитт өздері құрастырған құрылғыны текше қырларының түстерін анықтайтын төрт камерамен және оның қабаттарын айналдыратын дрондарға арналған жоғары жылдамдықты қозғалтқыштармен жабдықтады.

16 қазанда Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласында робот күрделі басқатырғышты небәрі 9,8 секундта жинап шықты. Бұл жетістік инженерлер командасына Гиннес рекордтар кітабына енуге мүмкіндік берді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ерлер құрамасы өрт сөндіру-құтқару спортынан әлемдік рекорд орнатты.

Материалдың түпнұсқасын ағылшын тілінде оқуға болады.