Әлемде 1,7 млн-ға жуық адам «еріксіз шылым шегудің» құрбаны болды
АСТАНА. KAZINFORM – 2023 жылы әлемде 2,7 млрд-тан астам адам «еріксіз шылым шегуге» мәжбүр болып, соның зардабынан шамамен 1,7 млн адам көз жұмды. Бұл туралы Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«The Lancet» журналында жарияланған зерттеуде әлемнің 204 елі мен өңірінде «еріксіз шылым шегудің» таралуы және оның адам денсаулығына тигізетін әсері талданды.
Бұл келеңсіз жайттың зардабын тартқандардың төрттен бірінен астамы – қорғансыз балалар. 2023 жылы олардың саны шамамен 767 млн адамға жеткен.
Балалар арасындағы өлім-жітімнің негізгі себебі төменгі тыныс жолдарының инфекциялары болса, ересектерде жүректің ишемиялық ауруы басым болған.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, «еріксіз шылым шегудің», яғни өзге адам шеккен темекінің түтінін жұтуға мәжбүр болудың зардабы әлі де адам денсаулығына қауіпті. Осыған байланысты, әсіресе, әйелдер мен балаларды қорғау үшін темекіге қарсы іс-шараларды күшейту қажет екені айтылды.
Бұған дейін Қазақстанда темекі бағасының қымбаттағаны жазылған болатын.
Ақниет Жиеналина