Әлемде 262 миллион адам демікпе ауруына шалдыққан
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Демікпе – дүниежүзінде ең кең таралған аурулардың бірі. Бронх демікпесі тыныс алу жолдарының ауруларына әкеледі. Алайда демікпенің себебі аллергия мен нашар экология. Бұл туралы аллерголог, иммунолог Арай Батырбаева айтты.

11 желтоқсан күні дүниежүзілік демікпемен күресу күні атап өтіледі. Бұл күннің басты міндеті — ауру және оны бақылау әдістері туралы халыққа жан-жақты таныстыру.Науқастарды дәрі-дәрмек пен ингаляторларды дұрыс қолдануға үйрету, аурудың алдын алудың маңыздылығына, триггерлермен күресуге және ауа сапасын жақсартуға баса назар аудару.
Демікпенің себептері:
— генетикалық бейімділік;
— аллергиялық реакциялар;
— ластанған ауа мен токсиндердің әсері;
— вирустық инфекциялар;
— стресс және физикалық белсенділік.
— Дүниежүзілік денасулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, әлемде 262 миллионнан астам адам демікпемен өмір сүреді және жыл сайын осы аурудан 455 мыңға жуық адам қайтыс болады. Статистика аймаққа, экономикалық даму деңгейіне және қоршаған орта жағдайына байланысты өзгереді. Демікпеге балалар да шалдығады. Бұл экологиясы нашар немесе аллергендердің әсеріне ұшыраған адамдарда жиі кездеседі, — дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ республикалық аллергология орталығының басшысы Арай Батырбаева.
Дәрігердің айтуынша, демікпені емдеу тыныс алу жолдарының қабынуын азайтуға және өршудің алдын алуға бағытталған.
Негізгі тәсілдер:
— ингаляциялық глюкокортикостероидтарды қолдану;
— симптомдарды тез жеңілдету үшін бронхолитиктерді қолдану;
— аллергендер мен триггерлерден аулақ болу;
— пикфлоуметрлердің көмегімен жағдайды үнемі бақылауда ұстау.
— Бронх демікпесі — тыныс алу жолдарының созылмалы қабыну ауруы. Негізгі белгілері: ентігу, жөтел, кеуде қуысының қысылу сезімі, сырыл немесе ысқырық түсу, — дейді дәрігер.
Спикердің сөзінше, дұрыс емдеу жүргізілсе, демікпемен ауыратындардың көбі оны бақылап отыруға, симптомдарынан арылуға, ұстамалардың сирек болуына немесе тіпті мүлдем болмауына, арнайы дәрі-дәрмектерді сирек пайдалануға қол жеткізе алады.