Әлемде 76 миллионға жуық адам гуманитарлық көмекке зәру
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемде шамамен 76 миллионға жуық адам гуманитарлық көмекке мұқтаж, деп хабарлады БЕЛТА БҰҰ жаңалықтар орталығына сілтеме жасай отырып.
«Бір жыл бұрын гуманитарлық көмекке зәру жандардың саны 52 миллион болатын. Ал биылғы жыл соңында гуманитарлық көмек қажет адамдардың саны 76 миллионға жетті», - деп атап өтті гуманитарлық мәселелерді үйлестіру бойынша БҰҰ басқармасының өкілі Джон Гинг. Көмекке мұқтаж осы жандарға қолдау көрсету үшін 19 млрд. доллар қажет - бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 млрд. долларға көп.
Гуманитарлық ұйымдар 2015 жылы айтарлықтай қиындықтарға тап болады. Гингтің айтуынша, бұл саладағы жағдай 2014 жыл бойы нашарлап келген және болашаққа деген болжам да бұлыңғыр.
«Жүздеген мың, миллиондаған адамдар қақтығыстар салдарынан қаза болуда, ондаған миллион адам адам төзгісіз жаңдайларда өмір сүріп жатыр», - деді Гинг. Ол қақтығыстар салдарынан зардап шеккен адамдар көмек күтіп отырғанын айтып, халықаралық қауымдастықты болашаққа сеніммен қарап, дағдарыстарды реттеудің саяси жолдарын табуға ұмтылуға шақырды.