Әлемде әкелердің декреттік демалысы аналарға қарағанда сегіз есе қысқа — БҰҰ
АСТАНА. KAZINFORM — Әлем бойынша әкелердің бала күтіміне байланысты төлемақы төленетін демалысының орташа ұзақтығы аналарға қарағанда сегіз есе қысқа. «БҰҰ-Әйелдер» және Дүниежүзілік банк тобының жаңа зерттеуінде осындай дерек келтірілген, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі.
Сарапшылар 190 елдің заңдарын талдай келе, олардың 66-сында әкелерге төлемақы төленетін декреттік демалысқа кепілдік берілмейтінін айтады. Алты елде декреттік демалысқа кепілдік әйелдерге де берілмейді.
Әкелерге ақылы декрек белгіленген 124 экономиканың жартысында оның мерзімі екі аптаға жетпейді. Елдер мен аумақтардың шамамен үштен бірі Халықаралық еңбек ұйымының аналарға кемінде 14 апта ақылы демалыс беру стандартын сақтамай келеді.
Зерттеуде, сонымен қатар ер адамдардың балаларды тәрбиелеуде белсенді рөл атқаруға тырысатынын, бірақ оған қолдаудың жеткіліксіз екені анықталды. Сауалнамаға қатысқан әкелердің 87%-ы қажетті қолдаудың жоқтығына шағымданса, 83%-ы жұмыс берушілері оларға икемді жұмыс тәртібін ұсынбайтынын айтып мұңын шағады.
Сарапшылардың пікірінше, әйелдер балалар мен басқа да отбасы мүшелеріне ақысыз күтім жасауға ерлерге қарағанда орта есеппен 2,5 есе көп уақыт жұмсайды.
Сонымен қатар, әкелердің бала күтіміне қатысуы балаларының дамуына оң әсер етеді және аналардың жұмыспен қамту мүмкіндіктері мен табысына ықпал етеді.
29 қазанда аталып өтетін Халықаралық қамқорлық және қолдау күні қарсаңында «БҰҰ-Әйелдер» және Дүниежүзілік банк тобы елдерді отбасылық міндеттерді тең бөлуді қамтамасыз етуге шақырады.
Бұған дейін БҰҰ қарт адамдардың құқықтарын қорғау тәсілдерін қайта қарауға шақырған болатын.