Әлемде АҚТҚ жұқтырушылар санының үздіксіз өсуі сақталып отыр - Владимир Слесарев
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да, АҚТҚ жұқтырушылар санының үздіксіз өсуі сақталып отыр. Оны жұқтырушылар еліміздің барлық аймақтарында тіркелген. Әсіресе, Алматы, Павлодар, Қарағанды облыстарында, Теміртауда көп. Қазіргі уақытта Астана, Жамбыл, Атырау қалаларында көбеюде. Атырау қаласында аурудың көбеюуіне мигранттардың көптеп келуі себеп болып отыр. Соңғы 10 айда бұл қалада осындай 1078 адам тіркелді. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 235 жағдайға азайып отыр. Осы ауруға шалдыққан адамдар үшін арнайы 329 кабинет жұмыс істейді», деді Республикалық ЖҚТБ-ның алдын алу және онымен күрес Орталығының бас директоры Владимир Слесарев.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда АҚТҚ жұқпасы емделмейтін ауру болып табылады, бірақ оның алдын алуға болады. «Бұл ауруға шалдыққан адамның иммундық жүйесінің жасушалары бұзылады, ол өлім қаупін туғызады. Сондықтан біздің мақсатымыз елімізде АҚТҚ инфекциясы мен ЖҚТБ-ның алдын алу іс-шараларын іске асыру, ұлттық және аймақтық деңгейлерде күш-жігерді біріктіру жолымен індеттің таралуын тұрақтандыру болып табылады», дейді В. Слесарев.
Қазақстан Республикасында ЖҚТБ-мен Дүниежүзілік күрес күніне орай, «Жалпыға бірдей қолжетімдік және адам құқықтары» ұранымен айлық өтуде. АҚТҚ/ЖҚТБ туралы тегін, өз еркімен және құпия кеңес алуға қолжеткізу және тестіден өту қамтамасыз етіледі, ұлттық бағдарламаларда халықтың осал топтары арасында АҚТҚ инфекциясының алдын алуға ерекше назар аударылады. Айлық көлемінде жастарды қауіпсіз тәртіп дағдыларына үйрету, репродуктивтік жастағы әйелдерді АҚТҚ-ға тестілеуден өту қажеттігі туралы хабардар ету, АҚТҚ жұқтырған және ЖҚТБ-не шалдыққан адамдарға қоғамның шыдамдылық көзқарасын қалыптастыру бойынша іс-шаралар өткізілуде.
Биылғы қарашаның 20-да Ялтада ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің мәжілісінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы-елдердің АҚТҚ/ЖҚТБ-мен күресу жөнінде бірлескен әрекеттерінің Бағдарламасы мақұлданды. Әрбір мемлекетте іс-қимыл бағдарламасы әзірленеді, үйлестіру органы, ахуалдың мониторингі мен бағалау жүйесі құрылады деп күтілуде.