Әлемде азаматтығы жоқ адамдар саны 11 миллионға жуықтайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемде 11 миллионға жуық азаматтығы жоқ адам бар. Бұл туралы бүгін Сенатта «Азаматтық және азаматтығы жоқ тұлғалар» атты анықтамалықтың тұсау кесері барысында мәлім болды. Аталған анықтамалық Астанадағы БҰҰ Босқындар жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасы өкілдігімен бірлесе дайындалған.
Тұсаукесер барысында Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков босқындар мен азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты мәселелерге тоқтала келе, заңнамалық жетілдіруге де назар аударды.
Сенатордың айтуынша, азаматтығы жоқ көптеген тұлғалар мәжбүрлі түрде қоныс аударулардың құрбанына да айналады. «Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы босқындар деп таныған тұлғалар Қазақстанның азаматтығын алуға өтініш берудің заң жүзіндегі құқығына ие емес. Сонымен қатар, іс жүзінде босқындардың басым бөлігі тұрғылықты тұруға қатысты өтініш бергенде оларға бас тартылып жатады. Сосын, Қазақстан аумағында туған босқындардың балалары да Қазақстан азаматы болып мойындалмайды, соның салдарынан олар азаматтығы жоқ тұлғаларға айналады», - деді сенатор И. Адырбеков.
Тоқтала кететін жайт, БҰҰ Бас Ассамблеясы Ұйымның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасына азаматтығы жоқ адамдарды азайту және оның алдын алу мәселесін қадағалауды жүктеген. Ал соңғы бағалауларға жүгінсек, әлемде шамамен 11 миллион адамның азаматтығы жоқ болып отыр. Азаматтығы жоқ дегеннің өзі білімге, медициналық қызметтерге, заңды жұмысқа орналасуға шектеу болатынын, емін-еркін жүріп тұруға кедергі келтіретінін білдіреді.
Айта кетейік, анықтамалық халықаралық құқықтың қорғауында болған азаматтығы жоқ тұлғалардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттандыруға арналған.