14:54, 21 Наурыз 2014 | GMT +5
Әлемде босқындар саны артып отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғары комиссарының басқармасы өткен жылы дамыған елдерге 600 мың босқынның қоныс аударғандығын жария етті.
Бұл бұған дейінгі кезең нәтижесінен 28 пайызға артық әрі соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр, деп хабарлады Би-Би-Си.
Таратылған ақпаратқа қарағанда, соңғы уақытта Азаматтық соғысты бастан кешіріп отырған Сириядан бас сауғалап қашқандардың қарасы мол. Мәселен, өткен жылы Еуропадан паналатуды сұраған сириялықтардың саны 56 мыңға жеткен. Бұл 2012 жылғы көрсеткіштен 2 есеге артық.
Эмигранттар саны бойынша екінші орында Ресей, үшінші орында Ауғанстан тұр. БҰҰ деректеріне қарағанда, Ресейден адамдардың басқа елдерге қоныс аударуына Солтүстік Кавказдағы қиын ахуал басты себеп болуда.