Әлемде «доңыз тұмауынан» 1800-дей адам көз жұмды - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы
АСТАНА. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат - Дүниежүзі бойынша A/H1N1/ тұмауын жұқтырудың 182 166 оқиғасы зертханалық жолмен расталып отыр, оның 1799 фактісі кісі өлімімен аяқталған.
Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлады.
Ұйымның аймақтық бюроларынан хабарлағандай, ауырғандардың саны бойынша Солтүстік және Оңтүстік Америка алда келеді. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша, ол құрлықтарда вируспен ауырғандардың саны 105 882 адамды құрап отыр, оның ішінде 1579 адам қайтыс болған.
Еуропада A/H1N1/ тұмау вирусын 32 мыңнан астам адам жұқтырған, олардың 56-сы қайтыс болған. Тынық мұхиты аймағының батысында жаңа тұмауды жұқтырғандардың саны 27 мыңнан асты: 27 111 адам ауырған, оның ішінде 50 оқиға кісі өлімімен аяқталған.
Оңтүстік-Шығыс Азияда тұмауды жұқтырғандардың саны 13 172 адамға жетіп отыр, оның 106-сы - көз жұмған. Жерорта теңізінің шығыс бөлігінде 2532 адам A/H1N1/ тұмауын жұқтырған, 8 адам қайтыс болған. Африкада тұмауды жұқтырғандардың саны - 1469, оның үшеуі - адам өлімімен аяқталған.