Әлемде екі минут сайын бір жүкті әйел қайтыс болады
Миллиондаған әйел әлі де сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр, дейді ДДСҰ бас директоры.
Әр екі минут сайын әлемде бір әйел босанып жатып немесе жүктілік кезінде өмірден өтеді.
Мұндай деректер Дүниежүзілік денсаулық ұйымы мен БҰҰ-ның басқа да мекемелері дайындаған, 23 ақпанда жарияланған «Ана өлімі тенденциясы» баяндамасында келтірілді.
2020 жылы 287 мың өлім тіркелген. 2000-2015 жылдар аралығында сарапшылар ана өлімінің азайғанына қуанған еді.
Бірақ 2016 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта Еуропа мен Солтүстік Америкада ана өлімінің коэффициенті 17 пайызға, Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінде 15 пайызға артқан, делінген баяндамада.
Өлім көрсеткіші, әсіресе, қақтығыс аймақтары мен кедей өңірлерде көбірек.
Сарапшылардың пікірінше, ең жоғарғы абсолютті көрсеткіш бұрынғыша әлемнің кедей елдері мен қарулы қақтығыс болып жатқан елдерде.
2020 жылы жалпы ана өлімінің 70 пайызға жуығы Сахарадан оңтүстікке қарай Африка елдерінде тіркелген.
Сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмайтын миллиондаған әйел үшін жүктілік «өте ауыр әрі қауіпті сынақ», деп мәлімдеді ДДСҰ директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.
Жаңа деректер әр әйел мен қыз медициналық көмектің маңызды түрлерін жүктілікке дейін, жүктілік кезінде және бала дүниеге келгеннен кейін алатындай жағдай жасау керек екенін, оны кейінге қалдыруға болмайтынын көрсетті, деп атап өтті ол.
Баяндамада әйелдердің үштен бір бөлігі босанғанға дейін өту ұсынылатын сегіз тексерістің тіпті төртеуінен де өтпейтіні және босанғаннан кейін негізгі көмек түрлерінің өзін алмайтыны айтылған. Ал 270 миллион әйелдің отбасын жоспарлаудың заманауи тәсілдерін қолдануға мүмкіндігі жоқ.
БҰҰ 2023 жылға қарай ана өлімін 100 000 тірі туылған балаға 70 жағдайға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. 2000 жылы бұл көрсеткіш 339 жағдай болса, 2020 жылы – 223 болған.