Әлемде ең алғашқы жасанды көзді 4,5 мың жыл бұрын пайдаланған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Иранның Ресейдегі елшісі Мехди Санаи LiveJournal-дағы өз блогында әлемдегі алғашқы жасанды көз жайлы айтты.
Оның айтуынша, бұл көз ирандық Систан, Белуджистан провинциясының жанып кеткен қаласындағы зираттардың бірінен табылған. Ол 4,5 мың жыл бұрын өмір сүрген әйелге тиесілі болған.
Мамандар әзірге көз қандай материалдан жасалғанын анықтаған жоқ. Алайда оны дайындағанда, жануарлардың майы араластырылған табиғи шайыр пайдаланған деген болжам бар.
Археологтардың алдын ала зерттеуі көрсеткендей, әйелдің қасының астында қабыну белгілері көрініп тұр. Жасанды көздің төменгі бөлігі қабаққа ұзақ уақыт жанаса беруінен онда қабақтың органикалық ұлпасы қалып қойған. Жасанды көзді бекіту үшін көз шарасына жасанды көздің шеттеріндегі екі саңылауды пайдаланған.