Әлемде есірткі қолданушылар саны он жыл ішінде 23 пайызға өсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жылда есірткіге тәуелділер санының өсуіне синтетикалық есірткіге сұраныстың артуы әсер етті. БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының баяндамасында осылай делінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат DW агенттігіне сілтеме жасап.
Әлемде есірткі қолданушылар саны 10 жыл ішінде 23 пайызға өсті.
2011 жылы есірткіге тәуелділер саны 240 млн адам болса, 2021 жылы 296 млн-ға дейін артқан.
Бұл ретте есірткі заттарын пайдаланумен байланысты денсаулығы бұзылған адамдар саны сол кезеңде 45 пайызға - 39,5 млн-ға дейін өсті.
Мұндай деректер БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) 26 маусымда жариялаған баяндамасында келтірілген.
Нашақорлар санының өсуі ішінара жер халқының жалпы өсімімен ғана түсіндіріледі, деп жазады сарапшылар.
Олар тағы бір маңызды фактор ретінде «арзан, жеңіл және жылдам өндірісінің» арқасында көптеген заңсыз нарықты түбегейлі өзгерткен синтетикалық есірткінің таралуын көрсеткен.
Баяндама авторлары мысал ретінде фентанилді келтіреді.
Заңсыз шығарылатын, құрамында апиын бар бұл анальгетиктен Солтүстік Америкада 2021 жылы шамамен 90 мыңға жуық өлім тіркелген.
Баяндамада ең осал топ жастар екені айтылған. Африкада нашақорлықтан емделетін адамдардың 70 пайызы - 35 жасқа толмағандар.
Бұл ретте бүкіл әлемде мұндай емдеуді қажет ететін адамдардың тек 20 пайызы - жастар, делінген БҰҰ ЕҚБ баяндамасында.