«Әлемде кедейшілік жойылмай кемел дамуға кедергі көп» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 24 мамыр, сенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Әлемде кедейшілік жойылмай кемел дамуға кедергі көп» - баспасөзге шолу

***

Әлемнің 150-ге тарта елінен келген көрнекті саясаткерлер, танымал ғалымдар, аузы дуалы сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері, Нобель сыйлығының 9 лауреаты қатысқан үш күндік Астана экономикалық форумы кеше өз мәресіне жетті. Бұл халықаралық шараның соңғы күнгі жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысып, қонақтар алдында сөз сөйледі. Осы алқалы жиын арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Әлемде кедейшілік жойылмай кемел дамуға кедергі көп» деген тақырыппен берілді.

Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысы көптеген орта және кіші мемлекеттердің, сонымен қатар, G-7-нің бірқатар мүшелерінің де сауда айналымында үлкен кемшіліктерге тап болып отырғандығын назарға алды. Әлемдік экономика үшін алыпсатарлық шикізат «көбігі» үлкен қатер тудырып отыр. Оның кейбір көріністері жаһандық шикізат рыногының шешуші сегменттерінен де байқалып қалуда. Мұндай «көбіктерді» қалыптастыру әлемде кең көлемдегі арзан өтімділіктің орын алғандығын көрсетеді. «Тек АҚШ, Жапония, Ұлыбритания және еуроаймақ қана экономикаға 5,5 триллион доллардан астам қаржы құйды. Мұның бәрі дамушы рыноктарға сөзсіз әсер етеді. Мұндай жағдайда қарапайым адамдардың санасында әлеуметтік келеңсіздіктердің орын алуына жол беруге болмайды. Бүгінде әлемде 1,5 миллиард адам күніне 1 доллардан аз-ақ асатын қаржыға өмір сүреді. 2,5 миллиардқа жуығы 2 долларға жетер-жетпес қана кіріс табады. Бұл іс жүзінде жер бетіндегі тұрғындардың 40 пайызын құрайды. Дүние жүзінде 200 миллионнан астам адам жұмыссыз. 1,5 миллиард адам - өзін-өзін іспен қамтамасыз етушілер немесе уақытша жұмыс істеушілер», деді Мемлекет басшысы.

«Өткен сәрсенбінің бейсенбіге қараған түнінде Орал қаласында адамның өңі түгіл, түсіне кіре бермейтін лас та жымысқы қылмыс жасалды. Түн қараңғылығын жамылған белгісіз біреу осы сәтте Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың мемориалдық музей-үйінің терезесін сындырып ішіне кіріп, бөлмелердің астан-кестеңін шығарған. Әрі мұндағы ешқандай баламасы мен сыңары және көшірмесі жоқ тарихи-музейлік аса құнды жәдігерлерді ұрлап кеткен», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Мәншүк музейінің астан-кестеңін шығарды» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, қолды болған құнды дүниелер қатарында 1891 жылғы үлгідегі «Мосин» снайперлік винтовкасы, «КО» маркалы карабин және механикалық патефон бар. Сонымен бірге, әлгі алаяқ осында қойылған қазақ халқының тағы бір қайраткер ұлы, қаһармандар қаласы - Ордада қазақтың тұңғыш атты әскер полкін құруға атсалысқан Хамит Чуриннің былғары рулетка-өлшегішін де ойланбастан жымқырған. Қолды болған заттардың ішінде «Самсунг» үлгісіндегі заманауи бағалы бұйымдар да бар.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, жыл сайын «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді тапсыруға жарты жыл қалғанда жас отбасылардан құжаттарды қабылдау мерзімі жарияланады. Биыл құжаттарды 2-14 маусым аралығында тапсыруға болады. «Аталған бағыт бойынша Бағдарламаға Қазақстан Республикасының немесе оралман мәртебесі бар азаматтар, не болмаса бір баласы бар адамдар қатыса алады. Ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 29-дан аспау керек», - деді Астана қаласының Тұрғын үй басқармасының басшысы Серік Оспанов «Бәйтерек» халықаралық медиа орталығында өткен брифингте. Оспановтың айтуынша, биыл бағдарлама бойынша 672 пәтер беріледі, соның ішінде 1 бөлмелі 134 (40 шаршы м дейін), 2 бөлмелі 380 (60 шаршы м дейін) және 3 бөлмелі 158 пәтер (80 шаршы м дейін). Арендалық тұрғын үй Тілендиев даңғылы мен Сарайшық көшесінің оңтүстігіне қарай орналасқан және жыл соңына дейін тапсырылады. 8 жыл өткен соң жас отбасылар пәтерді сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

Еліміздегі 12 жинақтаушы зейнетақы қоры мемлекеттік бір қорға құйылып, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ құрылып жатыр. Бастапқыда бұл бастаманы сынаушылар табылып, мамандардың пікірі екіге жарылған болатын. Осы мәселенің халыққа тиімді-тиімсіз тұстары жайында «Айқын» газеті Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының сарапшысы Жанар Тайжанованы әңгімеге тартқан. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Зейнетақы қорларын бір қорға біріктірудің керісінше, ұтымды жақтары басымырақ. Ең бастысы, кез келген біріктіру әкімшілік шығындарды азайту мақсатын көздейді. Он екі қорды ұстауға кететін шығындармен салыстырғанда бір ортаға жиналған үлкен қорды басқару тиімді. Екіншіден, үлкен қордың пайда болуы болашақта Қазақстанда қор нарығының дамуына зор сенім береді», - дейді. Сұхбат «Халық мемлекеттік ұйымдарға көбірек сенеді» деген тақырыппен берілген.