Әлемде қос палаталы Парламент жүйесі белсенді тәжірибеге айналып барады - Н. Нығматулин
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Әлемде қос палаталы Парламент жүйесі белсенді тәжірибеге айналып барады.
Бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстанда парламентаризмнің қалыптасуындағы рөлі» атты конференция барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті.
«Өз таңдауы барысында Қазақстан бүкіл әлемдік үдеріс арнасынан ауытқыған жоқ. Соның айғағы қос палаталы Парламент жүйесі. Ал жалпы алғанда бір партиялы парламенттен екі палаталы жүйеге ауысу соңғы уақытта әлемдік қауымдастықта барынша белсенді тәжірибеге айналып барады. Мәселен, өткен ғасырдың 80-жылдарының басында екі палаталы Парламент тек 45 мемлекетте ғана болған еді. Ал қазірдің өзінде олардың саны кеміген жоқ, керісінше артып, әлем бойынша 70-тен асты. Сонымен бірге, тағы онға тарта мемлекет жақын аралықта өз Парламенттерін қос палаталы құрылымға ауыстыруға ұмтылып жатыр», - деді Мәжіліс спикері.
Оның айтуынша, тәжірибе көрсеткеніндей, Қазақстанның қос палаталы жүйеге көшуі заң шығару үдерісінің тиімділігін, өнімділігін арттырып қана қоймай, еліміздегі демократиялық үдерістің қалыптасуына барынша ықпал етті.