Әлемдегі бірегей табиғи ескерткіш Қазқонақты қалай сақтап қаламыз
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласындағы Ертіс өзенінің жағалауында Қазқонақ деп аталатын бірегей табиғи ескерткіш орналасқан. Алапқа «Қазақстанның табиғи ескерткіші» мәртебесі берілгенімен ежелгі жануарлардың қаңқасына толы палеонтологиялық жағалау жыл сайын мүжіліп, көз алдымызда құрып барады. Kazinform тілшісі мәселені тереңірек зерделеп көрді.

Мемлекет басшысы маңыз берсе де, тоқырап тұр
«Қазқонақ» табиғи ескерткіші — әлем бойынша сирек кездесетін табиғи ескерткіштердің бірі. Ғажайыбы сол, бұл жердегі топырақ қабатының астында осыдан 5,5 млн жыл бұрын жер бетінде тіршілік еткен ежелгі жануарлардың қаңқалары жатыр.
Палеонтологтардың сөзінше, бұған ұқсас бірегей орындар Грекия мен АҚШ мемлекеті аумағында ғана бар. Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын ғалымдар қазба жұмыстарын бастап, бұл жерден ежелгі тіршілік иелерінің жүздеген қаңқасын тапқан.

Өкінішке қарай, 1970-ші жылдардан бері қарай ерекше орын мүлде зерттелмей келді.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірімізге келгенде, табиғи ескерткіштің ахуалына көңіл аударып:
— Қазақстандағы ең ұзын өзен жағалауы — Павлодардың визиттік картасы. Бұл — демалыс орны ғана емес, сонымен қатар қаланың мәдени өмірінің орталығы. Мұндай тартылыс нүктелері көп болуы керек. Жергілікті жағалаудың ерекшелігі — әлемдегі ең үлкен «Қазқонақ» неоген дәуірі жануарларының қалдықтары шоғырланған жағалаудың бүлінбеген бөлігі. Осынау әлемдік өлшеммен қарағанда бірегей палеонтологиялық ескерткішті сақтау өте маңызды. Мұндай нысандар қаланың символдық капиталын нығайтады және туристердің назарын өзіне аудартады, — деген еді.
Өкінішке қарай, бұл мәселе жергілікті қоғам белсенділері арасында айтылғанымен, оны сақтап қалуға қатысты республикада оң қадамдар байқалмай отыр.

Бұл жерде қазақ жылқысының ататегі жатыр
Ғалымдардың зерттеуінше, 25 миллион жыл бұрын ғаламшарымыздағы климат өзгеріп, ормандар мен бұталы алқаптар, шалғындар құрғақшылыққа ұшырап, жер беті кебе бастаған.
Осы өзгерістен соң таулы-тасты далалар қалыптасып, тұрқы қазіргі сүтқоректілер мен жыртқыштарға ұқсас ататектері қалыптасады. Соның бірі — эогиппус. Жұмсақ айыр тұяқтары қатты тұяққа айналып, енді секіріп, жылдам жүруіне жағдай туыпты.
Арада 13 миллион жыл өткен соң эогиппустан дене тұрқы киіктей, әр аяғында үш айыр тұяғы бар, жылдам шаба алатын гиппарион деген жануар пайда болған деседі.
Гиппарион — қазіргі жылқының атасы, алайда аз зерттелген.

Сол гиппариондар Ертіс-Баян өңірінде үйір-үйір жүрген. Бұған дәлел — 1928 жылы палеонтологтар «Қазқонақтан» 5-7 млн жыл бұрын өмір сүрген түрлі жануарлардың сүйектерін тапқан.
Оны жинағанда екі вагон шыққан екен. Кейін олар Мәскеуге, КСРО-ның өзге де қалаларына жөнелтіліп, зерттеледі. Осы қаңқалардың арасында 200-дей Гиппарион жылқысы болған.
Ертіс бойы — ежелгі саванналар орны
Қазқонақ неоген кезеңіне тиесілі. Неоген — кайнозой эрасының ұзақтығы 24,6 млн жылмен өлшенетін екінші (ортаңғы) геологиялық кезеңі.
Бұдан 23 — 1,6 млн жылдар бұрынғы уақыт аралығын қамтыған. Осы кезеңде қалыптасқан аумақ уақыт өте ежелгі жануарлардың қорымына айнала бастайды.

— Қазқонақтан ежелгі жануарлардың 600-ден астам түрі анықталған. Мұндай аса бай табиғи коллекция жер бетінде тек Ертіс-Баян өңірінде ғана бар. Біз басып тұрған топырақта 5,5 млн жыл бұрын Африкадағыдай саванналар болғанына қазір кімді сендіре аламыз? Мүлде бөлек жануарлар дүниесі тіршілік еткен. Олардың арасында гиппарион, керік, мүйізтұмсық, антилопа, жүйрік қарақұйрықтар, мостодонт пілдері, зілдерді атап өтуге болады. Қылыштісті Махайрод (Machairodus) мысығының қаңқалары да табылды. Оның тұрқы қазіргі жолбарыспен бірдей, әрі ол тек Ертіс өңірінде болғаны анықталып отыр. Қорқау қасқырлардың, түрлі құстардың, кеміргіштердің фаунасы өте бай болған. 1929-1931 жылдары алғашқы қазба жұмыстарында археологтар мол олжаға кенелгенін түсінеді. Алайда ол тұста ғалымдар кеңес өкіметінің әр қаласынан жиналғандықтан, тапқан қаңқалар мен сүйектерді өз қалаларына алып кете берген. Павлодарда алғашқы институттар соғыс жылдары құрыла бастаған, сондықтан зерттеу орталығы болмады. Тек өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары ғана бұл жер туралы көптеген ғылыми мақалалар жарияланып, облыстың ғылыми ортасы оның ерекше жаратылыс екенін ұғына бастайды. Ал оған дейін қаншама палеотологиялық жәдігерлер шетке кетіп қалды. Сондықтан бұл жерден қандай ежелгі тіршілік иелері табылғаны туралы толық коллекция бізде атымен жоқ. Олардың бірқатары ғана Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде және Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде сақталып тұр, — дейді палеонтолог ғалым, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры Валентина Алиясова.

Ғалымның сөзінше, соңғы жылдары «Қазқонақ» ескерткішінің шамамен 30 пайызы жойылып кеткен. Бұл — антропогендік фактор емес, табиғи әсерлердің салдары. Яғни жағалауды бір жағынан Ертіс өзені ұдайы шайып жатса, Павлодар қаласынан ағатын жаңбыр және еріген қар суы жыралармен бойлап осы аумақтың үстіне құйылады.
Ескерткіштің жоғарғы жақтары опырылып, осыдан 10 жыл бұрын пайда болған жыралардың ауқымы кеңейе түскен. Аумақ опырыла-опырыла, көше жолдарына жақындап қалғаны да байқалады. Жағдай бұлай жалғаса берсе, бірегей орыннан толықтай айрылып қалуымыз әбден мүмкін.
— Тропикалық аң-құстар қаңқалары табылған соң ескерткіш 1971 жылы «Қазқонақ» аталып, республикалық маңызы бар табиғи ескерткіштердің қатарына алынады. 2001 жылы оған «Қазақстанның табиғи ескерткіші» мәртебесі берілді. Алайда аумақ мәжбүрлі жағдайда сол мәртебенің «тұтқыны» болып отыр. Яғни, бұл жерді не қоршауға, өзен жағынан қорғаныш бөгеттер салуға, туристік орынға арналған жабық павильон тұрғызуға мүлде болмайды. Салдарынан жағдайы жыл санап нашарлай түсуде. Қаншама жоба-жоспарлар жасалды, бірақ бәрі қағаз жүзінде қалды. Ең болмағанда қоршау тұрғызып, жағалау жағын сақтап қалуға болар еді, — деп қынжылады ғалым.

Қазқонақ облысқа қайтарылуы керек
Соңғы жылдары Қазқонақтың мәселесі облыс деңгейінде көтеріліп, оны сақтап қалудың амал-әрекеттері қарастырылып жатыр.
Өңірлік мәслихат жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Марина Регатунова бүгінде қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, ғалымдардың бірлесуімен бастамашыл топ құрылғанын, бұл мәселені республика деңгейіне алып шығу қадамдары жасалып жатқанын жеткізді.
Топ мүшелері қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары өкілдерін арнайы шақырып, мониторингтер жүргізген.
Оның нәтижесінде пайда болған жыралардың ұлғайып бара жатқаны, ал Ертіс жағынан шайылған жарлардың өзенге біртіндеп опырылып құлап жатқаны байқалған.
Жануарлар қаңқасының сүйектері әр жерден ағараңдап көрінеді. Жәдігерлер күн мен желдің, судың әсерінен тез бүлініп, үгіліп, өзен суына ағып кетіп жатыр.

— Қорғауға алу туралы мәселе айтыла-айтыла шегіне жетті. Адамдардың назарын «Қазқонақтың» бірегейлігіне аударғымыз келеді. Ең әуелі жыл сайын мүжіліп бара жатқан жағалауды бекітіп, орнықтыру керек. Кезінде облыстың бас сәулетшісі Нұрлан Қақамбетов өзен жағалауында темір қоршаулар қою, учаскені нығайту, «Ertis Promenade» сахнасындағы сияқты үлкен шатыр, арнайы жолдар орнатуды ұсынған. Жоба жүзеге асса, расында су ескерткішке жете алмайтын еді. Екіншіден, «табиғи ескерткіш» мәртебесіне мүлде сай емес. Біздің облыста «Ертіс орманы» резерваты, Баянауыл ұлттық паркі сияқты ерекше қорғаудағы аймақтар бар. Оларда қорғау іс-шаралары белгілі көлемде жасалған, аумақтарға өткізу бекеттері арқылы кіре аласың. Ал «Қазқонақ» ашық-шашық, еш күзетсіз, қорғанышсыз жатыр. Кез келген адам төмен түсіп, жануарлардың сүйектерін қазып алып кетсе, қой дейтін адам жоқ, — дейді «Павлодар география үйінің» директоры Александр Вервекин.

Ұйым өкілі бұл жерде туристік орталық ашуды да ұсынады. Бұған дейін облыс сәулетшілері ашық аспан астындағы музей, жоғарыдан төмен қарай мөлдір баспалдақпен түсетін павильон, басқа да жобалар әзірлеген. Бәрі жоба күйінде қалып жатыр.
Ал соңғысы құрып бара жатқан ескерткішті ғалымдардың кеңінен зерттеуіне мүмкіндіктер тудыру керек. Себебі топырақ астында ғылымға белгісіз қаншама беймәлім тіршілік иелерінің қаңқалары жатыр.
Бұған дейін бастамашыл топ мүшелері ғаламтордағы гугл-картаны қарап, өткен жылдардың мәліметтерінен жағалау көп бөлігін жоғалтқанын анықтаған.
Кейбір жергілікті ғалымдар жер астындағы ежелгі жануарлардың қаңқалары Химқалашық шағын ауданында орналасқан тұрғын үйлердің астына дейін жалғасып жатуы ықтимал деп болжайды.
Бұған дәлел ретінде кезінде аумақта құрылыс жүргізілгенде беймәлім жануарлардың сүйектері табылғанын алға тартады.

— Біздің ұсыныс — Үкіметтегі жауапты ведомстволар «Қазқонақты» республикалық мәртебесінен айырып, облыстық деңгейде қорғалатын аумақ ретінде қайта қарастыруы керек. Егер ол шешімін тапса, облыста іс-қимылдар үйлестіруге жеңіл болады. Сондықтан мәселеге облыс басшылығы жедел араласып, шешіп беруін сұраймыз, — дейді Александр Вервекин.

Мамандар мәселеге кешенді түрде қарау керектігін айтады. Онымен әр саланың мамандары айналысуы керек. Бұған дейін ғылыми мекемелердің өкілдері кездесіп, шешу жолдарын қарастырған.
Бастамашыл топ мүшелері алдымен ғылыми негіздеме жасап, ескерткішке зиян келтірмей, тиісті шараны қолға алу керек деген пікірде. Қазір ескерткіштің жоғары жағы абаттандырылып, серуендейтін орынға айналған.
Бірақ қала тұрғындары мен қонақтар аяқ астындағы топырақ арасында ежелгі жануарлардың қаңқалары бар екенін біле бермейді.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бәкір Демеуов ескерткішті сақтап қалуға өңір басшылығы мүдделі екенін айтады.

— Ескерткішке қаншама зиян келіп жатқанына куә болып келеміз. Жедел түрде тиісті іс-шараларды қолға алуымыз керек. Облыс әкіміне жағдайды баян еттік, ол кісі жауапты мемлекеттік органдарға тапсырма берді. Енді ол жерді республикадан қалай алып, кімге бекіту керек, одан соң қандай қадамдар жасалуы тиіс деген сұрақтар талқыланып жатыр. Біз өз тарапымыздан түйткілдің шешілуіне барынша араласамыз, — дейді ол.
Сөз соңында Қазқонақтың құндылығын оң мыңдаған жануардың сүйектері жатуы мүмкін екені туралы ғалымдардың болжамымен түйіндесек болатын шығар. Палеонтологиялық ескерткішті қорғап, сақтап қалу, оны туристік орынға айналдыру арман болып қалмаса игі.