Әлемдегі ең үлкен отбасылық серуен қай елде өтетінін білесіз бе - шетелдегі қазақ баспасөзі
АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстан мен Қазақстан ынтымақтастығы нығайып келеді – ӨзА
Қазақстанға сапары аясында Өзбекстанның Цифрлық технологиялар министрлігі мен IT Park Uzbekistan делегациясы «BILLZ» компаниясының өкілдерімен кездесті. «Smart Point Almaty» инновациялық орталығында өткен бұл кездесуде компанияның өңірдегі қызметі мен алдағы жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Хабарламада айтылуынша, «BILLZ» - бөлшек сауда және бизнесті басқаруға арналған цифрлық платформалар ұсынатын компания. Өзбекстанда негізі қаланған бұл компания бүгінде Қазақстан нарығында да табысты жұмыс істеп жатыр.
Компания бөлшек сауда кәсіпорындарына сату үдерістерін автоматтандыруға, тұтынушылармен жұмысты жақсартуға және бизнес тиімділігін арттыруға көмектесетін заманауи шешімдерді ұсынады.
Кездесуде «BILLZ» компаниясының Қазақстандағы жетістіктері, клиенттік базасының кеңеюі, серіктестік жобалары және халықаралық нарыққа шығу стратегиясы жайлы пікір алмасылған.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстан мен Қазақстан мұнай-газ саласында серіктестікті күшейтеді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, Алматыда өткен ресми шарада Өзбекстанның «Узбекнефтгаз» АҚ мен Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мұнай-газ саласындағы әріптестікті тереңдетуге бағытталған маңызды келісімге қол қойған.
Бұл құжат екі елдің энергетика саласындағы байланысын жаңа деңгейге көтеріп, ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті нығайтуды көздейді. Келісім аясында екі ел сарапшылары өзара тәжірибе алмасып, жаңа жобаларды бірлесіп жүзеге асыру үшін тұрақты диалог орнатады.
Сонымен қатар, жобалардың географиясын кеңейту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, өндірістік және көліктік инфрақұрылымдарды оңтайландыру мүмкіндіктері қарастырылған.
Қытай-Қазақстан Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім ресми түрде күшіне енді – «Халық газеті»

«Қытай Халық Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім» осы жылдың 10 наурызында ресми түрде күшіне енді.
Бұл туралы Қытайдың «Халық газеті» басылымы хабарлады.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, сонымен бірге 1992 жылы 26 қыркүйекте қол қойылған «Қытай Халық Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы автомобиль көлігі туралы келісімнің» мерзімі аяқталған.
«Жаңа Келісім автомобиль көлігі саласындағы екіжақты халықаралық ынтымақтастық аясын жаһандық тасымалдау, транзиттік тасымалдау және үшінші елдерге тасымалдау салаларын кеңейтеді. Сонымен қатар, көлік құралдары мен көпшіліктің кіріп-шығуын басқару, құжаттарды өзара тану, салықтан босату, визалық режим мен кедендік рәсімдеуді жеңілдету және ақпарат алмасу бойынша салалық және институционалдық шаралар қабылданды. Бұл Қытай-Қазақстан халықаралық автомобиль көлігі жүйесін одан әрі ілгерілетуге оңтайлы жағдай тудырады», деп жазады «Халық газеті».

Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «ШЫҰ-ның Хатшылығы Бейжіңде Халықаралық наурыз мерекесін өткізді» деген ақпарат жарық көрді.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Хатшылығы Бейжіңде Халықаралық наурыз мерекесін өткізген.
Аталған ақпараттың басында «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев» деп жазылған Бас хатшы суреті берілген.
Келтірген деректерге сүйенсек, 1 сәуір күні Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Хатшылығы Бейжіңде Халықаралық наурыз мерекесін өткізді. Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, мәдениет қайраткерлері сияқты 200-ден астам адам жиналып, бұл тіршілк пен бірлікті бейнелетін мейрамды бірге тойлаған.
Әлемдегі ең үлкен отбасылық серуен Иранда өтеді - ParsToday

ParsToday ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Сәрсенбі (2 сәуір), Иранның ресми күнтізбесі бойынша фарвардин айының 13-ші күні Табиғат күні деп аталды екен.
Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Иранның күнтізбесі бойынша жаңа жылдың он үшінші күні ирандықтар игі дәстүр бойынша табиғат аясына шығып, табиғи сыйлықтардан ләззат алып, отбасымен және жақындарымен қуанышты да есте қаларлық күнді өткізеді.
ParsToday агенттігінің хабарлауынша, жыл сайын фарвардин айының 13-і Наурыз мерекесінің соңғы күні болып табылады, ол «Сизда Бедар» деп аталады. Ежелгі ирандықтар жыл он екі айын еске алатын он екі күндік мереке мен қуаныштан кейін Наурыздың 13-ші күні мерекенің соңғы күнін табиғат аясында, жасыл желектердің, өсімдіктердің, бұлақтар мен бұлақтардың ағып жатқан суларының жанында өткізу үшін табиғат аясына баратын.
«Иран халқы ежелден табиғатты құрметтеп, оны сақтап, тазартуға күш салған. Наурыздың он үшінші күніндегі ирандық шеру әлемдегі ең үлкен пикник болып табылады және бұл күні ерекше мерекелер мен рәсімдерді өткізудің ежелгі және тарихи тамыры бар», деп жазады ирандық БАҚ.
Оқушылар сабақ аралығында бүркіт биін биледі - Harajorga
Қашқарлық оқушылар сабақ аралық гимнастикасына арналған материалдық емес мәдени мұра бүркіт биін биледі, деп хабарлайды қытайлық Harajorga әлеуметтік желісі.
Жақында, Қашқар аймағы Көнешәр ауданы Шынжын-Ташқорған орта мектебінің сабақ аралығындағы 15 минут демалыс уақыты әлеуметтік желі қолданушыларын қызықтырды. Атап айтқанда, көптеген оқушы мектеп киімін киіп, гимнастика алаңында материалдық емес мәдени мұра саналатын бүркіт биін билеп, қыран құстай құлаштарын еркін ашып биге басты. Биіктен түсірілген көрініс тартымды әрі ретті болып, желі қолданушыларының ерекше ықыласына бөленіп, жылы пікірлерін қалдырған.
«Өте тамаша екен!», «бейзаттық(материалдық емес) мәдени мұра мектепке кірсе мәдениетке мұрагерлік етумен бірге денсаулыққа пайдалы» деп жазған желі қолданушылары.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, бүркіт биі – тәжік ұлтының халықтық дәстүрлі биі. Бұл би қарапайым да тартымды, ойнақы келеді. 2006 жылы тәжік ұлтының бүркіт биі 1-шы топтағы мемлекет дәрежелі материалдық емес мәдени мұралардың уәкілдік туындыларының тізіміне енген.
Қытай дүние жүзі бойынша ай топырағынан керпіш құю тұңғыш машинасын тапқырлады - CNR

- Еліміз дүние жүзі бойынша ай топырағынан керпіш құю тұңғыш машинасын тапқырлады, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы».
Аталған ақпарат көзінің келтірген деректеріне сүйенсек, Қытай елі дүниежүзі бойынша ай топырағынан керпіш құятын тұңғыш машинаны зерттеп-жасап, айдың бетінен материал алып, ұқсамаған өлшемдегі үлкенді-кішілі ай топырағы керпішін құяды. Бұл ай шары базасы құрылысына маңызды негіз қалайды.