Әлемдегі ең жылдам марафоншы көлік апатынан қаза болды

Марафон
Фото: Global Look Press

АСТАНА. KAZINFORM – Ерлер арасында марафон жүгіруден рекорд орнатқан 24 жастағы Келвин Киптум туған жерінде көлік апатынан қаза тапты, деп хабарлайды ВВС.

Ол өзінің жаттықтырушысы, руандиялық Жервез Хакизиманамен бірге жексенбі күні Кения батысындағы жолда келе жатып қаза болды.

Киптум 2023 жылы отандасы, әлемдегі ұлы марафоншылардың бірі Элиуд Кипчогенің қарсыласы болды. Ал былтыр қазанда Чикагода Кипчоге жетістігін жаңартып, 42 шақырым қашықтықты екі сағат, 35 секундта өткерді.

Екі спортшы биылғы жылдың соңында Париждегі Олимпиада ойындарында Кенияның марафон бойынша құрама командасының алдын ала тізіміне енгізілген.

Кения оппозициясының көшбасшысы әрі бұрынғы премьер-министр Раила Одинганың мәлімдеуінше, ел «нағыз қаһарманынан» айырылып, «атақты тұлға...және кениялық жеңіл атлетика иконасының қазасына байланысты» қайғырып отыр.

Дүниежүзілік жеңіл атлетика қауымдастығының президенті Себастьян Коудің айтуынша, Киптум «адам сенгісіз мұра қалдырған нағыз тұлға» болды.

AFP агенттігінің Кения полициясына сілтеме жасап хабарлауынша, апат жексенбі күні жергілікті уақытпен сағат 23:00 шамасында болды.

Ақпаратқа сәйкес, апат орын алғанда көлікті Киптум жүргізіп келе жатты.

Соңғы жаңалықтар