Әлемдегі озық ЖОО-ларға түсу үшін Қазақстандағы талапкерлер нені білуі керек
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемнің жетекші университеттерінде жоғары білім алуға ұмтылған қазақстандық студенттердің саны артып келеді. Осы орайда Crimson Education компаниясының бас директоры, AI & Digital Bridge 2026 іс-шарасының хедлайнері доктор Джейми Битон Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат беріп, Орталық Азиядан келген талапкерлерде жиі кездесетін кемшіліктер жайында және жасанды интеллектінің оларға бұл бағытта қалай көмектесе алатыны туралы әңгімеледі.
— Жасанды интеллект білім беру саласы мен университеттерге түсу процесін қарқынды түрде өзгертіп жатыр. Crimson Education компаниясында үлкен көлемдегі деректерді талдау үшін жасанды интеллектіні қолданасыздар және оның мүмкіндіктерін мамандардың жұмысымен ұштастырасыздар. Қандай міндеттерді жасанды интеллектіге сеніп тапсыруға болады, ал қай тұста ол адамның орнын баса алмайды?
— Адамның ең үлкен күші – жастарды шабыттандырып, оларды алға жетелейтін ынта-жігерін оята алу қабілеті. Ал шабыттана білу – адамға ғана тән ерекше қасиет. Көбінесе шабыт көзі – өзіңізді теңей алатын және айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген тәлімгеріңіз немесе ұстазыңыз. Менің жағдайымда Йель университетіне оқуға түскен Бен Корнфельд есімді студенттің әсері ықпал етті.
Мен оқыған мектептен шыққан талапкер әлемдік деңгейдегі университетке түсе алғанын естігенде, мен де сондай жетістікке жете алатыныма сенімді болдым. Жалпы алғанда, жасанды интеллект пен технологиялар әзірге студенттерді іс-әрекетке ынталандыру немесе шабыттандыру жағынан айтарлықтай нәтиже көрсетіп отырған жоқ. Жастарды керемет нәтижелерге қол жеткізуге жетелейтін басты күш – дәл сол шабыт.
Жасанды интеллект оқу материалдарын ұсыну және оқушылардың сабақ пен емтихандарға дайындалу тәсілдерінің көптеген аспектісін өзгертуге қабілетті. Мысалы, ол әр оқушының білім деңгейі мен дайындық кезеңіне бейімделген жаттығуларды жасап шығара алады, сөйтіп оқуға бөлінген әр сағаттың барынша тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Бір қызығы, бүгінгі таңда технологиялардың мол мүмкіндіктеріне қарамастан, қазіргі оқушылардың білім деңгейі осыдан жиырма жыл бұрынғы құрдастарының деңгейінен шамамен бір жылға артта қалып отыр.
Басты қауіп – жасанды интеллект адамдардың оқуға зейін қоюын одан сайын қиындатуы мүмкін. Әлеуметтік желілер, ойын-сауық контенті және желідегі түрлі ұсыным алгоритмдері оқудағы жоғары нәтижелерге жету үшін қажетті маңызды жұмыстан үнемі назарды басқа жаққа аударып отырады.
— Қазақстанда әлемнің жетекші университеттеріне түсуді мақсат еткен оқушылар буыны өсіп келеді. Қазақстан мен Орталық Азиядан келген талапкерлер шетелдің үздік университеттеріне түсу кезінде қандай негізгі қиындықтарға тап болады?
— Қазақстан мен Орталық Азиядан келген үміткерлер бірқатар қиындыққа тап болады. Оларға көбінесе ағылшын тілін меңгеру деңгейін көтеру, сондай-ақ пікірталас пен БҰҰ моделі сияқты бағыттарда тәжірибе жинақтау қажет. Шетелде білім алу кеңінен таралған Сингапур мен Оңтүстік Кореядағы құрдастарымен салыстырғанда, олар портфолиосын нығайтатын халықаралық олимпиадалар, жазғы бағдарламалар және басқа да сабақтан тыс іс-шаралар туралы азырақ хабардар болады.
Сонымен қатар, оларда көбінесе жетекші университеттерге түсудің ерекшеліктері, яғни оқуға түсудің жеке стратегиясын әзірлеу кезінде ескерілуі тиіс мәліметтер жетіспей жатады.
Дегенмен, бұл талапкерлердің академиялық дайындығы мықты және олар оқуға түсу процесінде мамандардың көмегіне сүйене отырып, жоғарыда аталған барлық қиындықты еңсере алады.
— Егер жасанды интеллект барлық талапкерге қолжетімді болса, онда жетекші университеттерге түсуде қандай жағдайлар артықшылық береді? Мықты үміткер өзгелерден қалай ерекшелене алады және жасанды интеллект осы қасиеттерді тани ала ма?
— Жасанды интеллект бүгінде іс жүзінде әрбір талапкерге қолжетімді болғанымен, көпшілік үшін оқуға түсу процесін түбегейлі өзгерткен жоқ. Шын мәнінде, бәрі әлі де адамның жеке күш-жігері мен біліміне байланысты. SAT емтиханына дайындалу қажет екенін бәрі біледі, бірақ ең жоғары нәтижеге жету үшін 150 сағат уақыт бөлуге кімнің шыдамы жетеді? Зерттеу жұмыстарымен айналысудың пайдалы екенін бәрі түсінеді, алайда мектептегі ұзақ күннен кейін оған тағы да бірнеше сағат уақыт жұмсауға кімнің ынтасы бар?
Түптеп келгенде, университетке түсу процесі адамның ерік-жігері мен дербестік деңгейін, сондай-ақ күрделірек мақсаттар қойып, оларға қол жеткізу қабілетін көрсетеді. Мықты үміткерлер жоғары академиялық көрсеткіштерімен, байқаулардағы жетістіктерімен, көшбасшылық бастамаларымен және құрдастарының мойындауымен ерекшеленеді, сонымен қатар олар тың әрі мазмұнды, шынайы адамдық сипатқа ие эсселері арқылы да дараланады.
Алгоритмдер ең мықты үміткерлерді анықтауға көмектесе алатыны түсінікті, Мәселен, жасанды интеллект үміткердің тапсырған құжаттарын бағалай алады. Дегенмен, университеттер әлі ұзақ уақыт бойы өтінімдерді адамдар қарастыратын дәстүрлі іріктеу жүйесін ұстанатын шығар.
— Соңғы үш жарым жыл ішінде Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің 40 филиалы ашылды, сондай-ақ бірқатар оқу орны өз кампустарын салу туралы шешім қабылдады. Олардың қатарында Coventry University, Cardiff University, Queen’s University Belfast, City University of Hong Kong, Université de Lorraine және Woosong University бар. Осындай деңгейдегі университеттердің келуі Қазақстанға шетелдік студенттерді, зерттеушілер мен кәсіпкерлерді көбірек тартуға септігін тигізе ала ма?
— Иә, Қазақстанда шетелдік университеттердің ашылуы елдің экономикалық әлеуеті мен одан әрі даму перспективаларына деген жоғары бағаны көрсетеді. Таяу Шығыстағы New York University Abu Dhabi
жобалары шетелдік студенттерді жаңа білім беру орталықтарына шынымен де тарта алды.
Білім алу адам өмірінде маңызды рөл атқарады және көбінесе берік әлеуметтік байланыстардың қалыптасуына ықпал етеді. Мысалы, менің үйлену тойыма келген достарымның көбі – Гарвардтағы студенттік кезеңде танысқан адамдар. Мұндай әлеуметтік байланыстар шетелдік студенттердің Қазақстанда тұруды жалғастыру немесе елмен тығыз қарым-қатынасты сақтап, осында жиі оралу ықтималдығын арттырады. Сондай-ақ, ғылыми және кәсіпкерлік қауымдастықтар да жергілікті әлеуметтік байланыстарға негізделеді және олар көбінесе мықты университет төңірегінде шоғырланады.
— Сіз Crimson Education компаниясын жас кезіңізде құрып, оны жаһандық деңгейдегі компанияға айналдырдыңыз. Перспективалы идеяны бір елдің шекарасынан асырып, ауқымын кеңейте алатын бизнеске айналдыру үшін не қажет? Сондай-ақ, халықаралық нарыққа шығуды көздеген қазақстандық жас кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
— Жасанды интеллект дәуірінде идеялардың өзі ешқандай құндылыққа ие емес, өйткені бүгінде көптеген әлеуетті бизнес-тұжырымдамаларды ойлап табу өте оңай. Шын мәнінде, бәрін іске асыру процесі шешеді. Сондықтан басты назарды идеяларды жүзеге асыру жылдамдығына аудару қажет.
Алғашқы үш жыл ішінде біз Crimson қызметін 15-тен астам нарыққа шығардық. Жаңа Зеландиялық кәсіпкерлер ретінде өз аймағымыз үшін ерекше саналатын Таиланд пен Ресей сияқты нарықтарға шықтық. Халықаралық деңгейде кеңею маңызды болғанымен, кейбір ірі компаниялардың тек бірнеше негізгі нарыққа назар аударып, сол жерлерде көшбасшылық позицияға ие болу арқылы табысқа жететінін де ескерген жөн. Мұның айқын мысалы — Uber-мен бәсекелестікке төтеп беріп, жергілікті жолаушы тасымалдау нарығындағы көшбасшылығын сақтап қалған Сингапурлық Grab компаниясы.
Қазақстандық кәсіпкерлер үшін бір артықшылық – көптеген америкалық компаниялардың ТМД нарығына шығуға аса белсенділік танытпауында. Нәтижесінде, осы өңірде берік орын алуға қабілетті мықты отандық компанияларды құру үшін мол мүмкіндіктер сақталып отыр.