Әлемдегі адам саудасы құрбандарының 45-50 пайызын балалар құрайды - Шолу конференциясы
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Әлем бойынша адам саудасы құрбандарының 45-50 пайызын балалар құрайды. Бұл туралы Астанда өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммитінің Шолу конференциясында Еуропалық Одақтың атынан сөйлеген Венгрия өкілі мәлім етті.
Оның айтуынша, Еуропалық Одақ адам саудасымен күреске және оның алдын алу ісіне үлкен маңыз береді. Осыған байланысты бұл міндет көптеген заңнамалық және стратегиялық құжаттарда көрініс тапқан. «Еуропалық Одақ өзінің бағдарламасында адам саудасына үлкен басымдық беріп, аталмыш әрекеттерді күрделі қылмыстардың қатарына жатқызады. Аталмыш халықаралық ұйым өкілдері қазір адам саудасы мен оның құрбандарын қорғау туралы жаңа құжат та дайындап жатыр», деді Венгрия өкілі.