Әлемдегі әскери қақтығыстардың қорытындысын талдап отырамыз - Қарулы Күштер Бас штабы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы Жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары Дәурен Абдуллин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің Қарулы Күштерінің әлеуеті туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда әлемде және өңірлердегі жағдайларға байланысты Қарулы Күштердің атқаратын рөлінің сөзсіз маңызы бар.
Қазіргі ішкі және сыртқы қауіптер еліміздің әскери қауіпсіздігіне ерекше көңіл аударуды қажет ететіні анық. Осыған орай азаматтарымыз «Егер де ел басына күн туса, Қарулы Күштеріміздің қандай мүмкіншілігі бар?» деген сауалды жиі қоятыны рас.
Күмәндарды біраз сейілту үшін бүгінгі қарастыратын мәселе, бұл әскерлердің даярлығын ұйымдастырудағы жаңа бастамалар және Қарулы Күштерде өткен оқу-жаттығулар туралы болмақ.
Қазіргі таңда әлемдегі болып жатқан әскери қақтығыстардағы жедел жағдайларды мұқият қадағалап, қорытындысын талдап отырамыз», - деді Бас штаб өкілі.
Сондай-ақ, ол кейінгі жылдары заманауи әскери іс-қимылдарды жүргізуде бірталай өзгерістер болып жатқанын еске салды.
«Әскери іс-қимылдың барысына және аяқталуына қашықтықта оқ атумен зақымдайтын жоғары дәлдікті құралдардың, ұшқышсыз авиацияның, қалықтауыш оқ-дәрілердің бар болуы, Арнайы операциялар күштерін және жеке әскери компанияларды және ақпараттық кеңістікте қарсы күресу құралдарын қолдану ықпал етеді.
Танкіге қарсы және тасымалдаушы зениттік-зымырандық кешендермен жабдықталған аумақтық қорғаныс күштерін қолдану ойдағыдай нәтижелер көрсетуде.
Артиллерияның (әсіресе батареяға қарсы күрес), танкі әскерлерінің, инженерлік қамтамасыз етудің өзектілігі төмендемей отыр. Барлаудың, бүркеніштің және логистика рөлінің маңыздылығына көз жетіп отыр», - деді Дәурен Абдуллин.