Әлемдегі болат өндірісінде Қытайдың үлесі 48,2 пайызға жетті

АЛМАТЫ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Әлемдегі болат өндірісінде Қытай өзінің үлесін 2008 жылдың қаңтары мен 2009 жылдың ақпаны аралығында 15 пайызға дейін ұлғайта алды. Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан тәуекел менеджменті туралы 5-ші халықаралық конференцияда айтылды,

Әлемдегі болат өндірісінде Қытайдың үлесі 48,2 пайызға жетті
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Әлемде болат өндірісі 2008 жылы 7 айдың ішінде 30 пайызға дейін құлдырады. Мұндай жағдай бұған дейінгі бірде-бір дағдарыс кезінде орын алмаған еді. Өндірістің құлдырауының шырқау шегі әр елде әртүрлі болды. Дегенмен дағдарыс жағдайында да өндіріс көлемін ұлғайта алған елдер бар. Мәселен, Қытай 1980 мен 2007 жылдар арасында әлемдік болат өндірісінде өз үлесін жыл сайын 1 пайызға ұлғайтып отырған еді. Ал 2008 жылы ол 10 пайызға, 2008 жылдың қаңтары мен 2009 жылдың ақпаны аралығында бірден 15 пайызға дейін көтерілді. Соның нәтижесінде бұл ел қазір әлемдік болат өндірісінің тең жартысына жуығына ие болып отыр», - дейді «Экономикалық талдаулар институты» қорының президенті Андрей Илларионов. Оның айтуынша, дағдарыс негізінен құрылыс инвестициясына, әсіресе, тұрғын-үй, кеңсе мекемелері, өнеркәсіп нысандарына соққы боп тиді. Ал Қытай өндіріс көлемін өсіруге өнеркәсіп қуатын ұлғайту арқылы қол жеткізіп отыр.