Әлемдегі ең бірінші атом крейсері аукционға шығарылды
АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - Әлемдегі ең бірінші "Лонг Бич" атом крейсері аукционға шығарылды.
1961 жылы пайдалануға берілген кеме енді металл сынығы ретінде сатылымға шығарылмақ. 17 жылдан бері қайраңда тұрған кеме Вьетнам мен Парсы шығанағындағы ұрыстарға қатысқан болатын. Айта кетерлігі, бұл крейсер американдық флоттың құрамынан ескіруіне байланысты шығарылып, металл сынығына жіберілген бірінші кеме емес. Бұған дейін крейсерлер суға батырылып, басқа мемлекеттерге сатылып, тіпті мұражайға да айналдырылған еді.
Кезінде 1,1 мыңнан астам офицерлер мен теңізшілер қызмет еткен «Лонг бичті» сатып алушы одан 10 мың тоннадан астам болат, 480 шақырым электр кабелін және 450 тонна алюминий алатын болады.