Әлемдегі ең қарт 112 жастағы ер адам Освенцим тұтқыны болып шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Gerontology Research Group халықаралық зерттеу тобы ғаламшардағы жаңа ең қарт адамды тапты, деп хабарлады «Петербургский дневник» басылымы.

Әлемдегі ең қарт 112 жастағы ер адам Освенцим тұтқыны болып шықты

112 жастағы Исраэль Кристал Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында фашистік Освенцим лагерінің тұтқыны болды.

Израиль тұрғыны оның нақты жасы анықталғаннан кейін ресми түрде әлемдегі ең қарт ер адам болып танылды.

Зерттеушілер алдымен ғасырдан астам өмір сүрген адамның отбасына электронды хат жолдап, Кристалдың осы атаққа үміткер болғанын хабарлады. Бірақ та оны дәлелдеу үшін Исраэль Кристал өзінің жасын қуаттайтын құжатты табуы тиіс еді. Бұл құжат 20 жасқа жеткенше алынуы міндетті.

Әуелде Кристалда мұндай қағаз болмай шықты. Дегенмен жақында Польшадан бұрынғы концлагерь тұтқынының туған күні жазылған құжат табылды.

Gerontology Research Group бүкіл әлем бойынша 110 жастан асқан адамдарды іздеп тауып, өзінің тізімін Гиннесстің рекордтар кітабына жолдап отырады.