Әлемдегі ең қауіпті жанартаулардың бірі оянды
АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Колумбияда әлемдегі ең қауіпті жанартаулардың бірі саналатын Невадо-дель-Руиса жанар тауының белсенділігі күшейді. Бұл туралы Хабар агенттігі мәлімдеді.
Жақын жатқан бірнеше қаланы ақ түтін басып кетті. Осының кесірінен Манисалес, Армения, Картаго мен Перейра қалаларының әуежайлары жұмысын тоқтатты. Жанартаудан атқан күл осы аймақтағы әуе қатынасына кедергі келтіруі мүмкін. Сейсмологтар жанар таудың белсенділігін мұқият бақылап отыр. Ол ел астанасы Боготадан небары 130 шақырым қашықтықта орналасқан. Өкімет жергілікті тұрғындарды көшуге дайын болуға шақырды. Невадо-дель-Руиса Анд тауларындағы ең биік жанартау. 1985 жылдың қараша айында оның атқылауы үлкен касіретке әкелді. Жанартаудан аққан ағын Армеро қаласын түгел басып кетіп, сол кезде 25 мың адам опат болған еді.