Әлемдегі ең көне Құрандардың бірі Лувр музейіне қойылады

None
ПАРИЖ. ҚазАқпарат – Лувр музейіндегі көрмеге әлемдегі ең көне Құрандардың бірі – VIII ғасырда жазылған Катта Лонгар Құраны қойылмақ. Бұл туралы ҚазАқпарат «Anadolu» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Көне Құран «Өзбекстан оазистерінің қазыналары. Керуен жолдарының қиылысында» деп аталатын көрме аясында Луврде тұңғыш рет көрсетілмек.

Көрме 24 қарашадан бастап келер жылдың 6 наурызына дейін ашық болады. Мұнда қабырға кескіндемелері, сарайлардың ойып жасалатын бөлшектері, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары сияқты әртүрлі жәдігерлер орналастырылады.

Барлығы 168 музей экспонатымен танысуға мүмкіндік бар: Өзбекстанның 13 музейінен жеткізілетін 137 бұйым, олар біздің дәуірімізге дейінгі V–VI ғасырларды, яғни Тимуридтер кезеңіне дейінгі заманды қамтиды. Сондай-ақ, әлемнің озық музейлеріне тиесілі 31 бұйым қойылмақ.

Еске салсақ, Өзбекстанда VIII ғасырдағы Құран кітабын қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, ол реставрациядан кейін көпшілік назарына ұсынылған болатын. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, Құран кітабы ұзақ уақыт бойы Өзбекстанның Қашқадария облысы Қамашин ауданындағы Лангар ота мешітінде сақталып келген. Мәдениет және өнерді дамыту қоры мен Өзбекстан Мұсылмандары діни басқармасы бірлесіп ұйымдастырған жобаға Францияның белгілі Лувр музейінің мамандары жұмылдырылды.


Соңғы жаңалықтар